Павлодарда 300-ге тарта жұмыс орны ұсынылды

Павлодар облысында 12 мыңдай адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр, деп хабарлайды 24KZ. Облыс орталығында өтіп жатқан бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде 50 кәсіпорын 300-ге тарта бос орын ұсынды. Мекемелер құрылыс, энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім және денсаулық сақтау салаларындағы кадр тапшылығын жоюға мүдделі. 

Облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының айтуынша, өңірде жұмыссыздық деңгейі былтырғымен салыстырғанда төмендеген, бірақ кадрға сұраныс әлі де жоғары. Жәрмеңке аясында мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұсынылатын мүмкіндіктер таныстырылды. Қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастаған кәсіпкерлер өз жобаларын көрсетіп, кеңес берді.

Альмира Дисюпова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда жұмыссыз азаматтардың саны 12 мыңға жуық. Бірақ та облыс бойынша жұмыссыздық деңгейін өткен жылмен, жылдың үшінші тоқсанына қарасақ, 4,7% құрайды. Бұл мөлшер 2023 жылмен салыстырғанда біраз болса да төмендеді.

Серік Аханов, компания өкілі:

- Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Слесарь-жөндеушілер, слесарь-электриктер, электромонтерлер, дәнекерлеушілер, газ кескіштер, электр-газ дәнекерлеушілер қажет. Менің ойымша, бұл Қазақстанның барлық кәсіпорындары мен өнеркәсіптеріне қажет мамандар.