Ризагүл Аңдасова SWAT Challenge жарысында жоғары дайындығын көрсетті

Дубайда өткен The UAE SWAT Challenge 2025 алтыншы халықаралық жарысында Қазақстан командасы ептілік пен табандылықтың үлгісін көрсетті, деп хабарлайды 24kz

«Томирис» әйелдер құрамасында өнер көрсеткен Ризагүл Аңдасова да команданың жеңісіне үлесін қосты.

Әлемнің 80 елінен 100-ге тарта команда қатысқан байрақты бәсекеде қыздарымыз намысты қолдан бермеді. Елге жүлдемен оралды.

Джиу-джитсудан спорт шеберіне үміткер Ризагүл Аңдасова Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етеді. Бұған дейін де бірталай жетістігімен көзге түскен талдырмаш қыз іріктеу турынан сүрінбей өткен.

Ризагүл Аңдасова, облыстық ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы:

- Жарысқа қатысқан барлық команда өте мықты. Бірақ біз олардан басым түстік. Қаншама команданы шаң қаптырдық. Дубайда көрсеткен өнерімізді әйелдер түгілі ерлер қайталай алмады. Бір сөзбен айтқанда, біздің шаңымызға да ілесе алмады.

Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ризагүл Аңдасова қазан айында іріктеуден өткен. Содан бері тынбай жаттығады. Республика бойынша 35 қыз қатысып, үздік деп танылған 9 қыздың 8-і «Томирис» әйелдер құрамасының сапында өнер көрсетті. Біреуі резервте тұрды.

Ерік Төлегенов, облыстық ПД арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:

- Ол джиу-джитсудан спорт шеберіне үміткер. Полиция қызметкерлері арасында өтетін барлық жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Әрдайым атыс, дене шынықтыру бойынша көрсеткіштері өте жоғары. Жалпы қызметке келген күннен бастап ерекшеленді. Әріптестерінен оқ бойы озық тұрады.

Жастайынан спортты серік еткен Ризагүл құқық қорғау саласын саналы түрде таңдаған.

Ризагүл Аңдасова, облыстық ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы:

- Менің осы қызметті таңдауыма спорттың әсері бар деп нық сеніммен айта аламын. Отанға мінсіз қызмет еткім келеді. Бұл – менің азаматтық борышым.

Ризагүлдің жолдасы да осы жылдам қимылдау арнайы жасағының сарбазы. Ерлі-зайыпты отбасында да, қызметте де бір-біріне қолдау көрсетеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков