Президент әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы мерзімді борышын өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару мен 2025 жылы мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды 24kz

Құжатқа сәйкес 18-27 жас аралығындағы әскери міндетті азаматтар Қарулы күштерге, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Мемлекеттік күзет қызметіне Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Жоспар бойынша биыл әскерге 42 мыңнан астам бозбала шақырылады деп күтіледі. Бұл науқан наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан аралығында өтеді. Жастарға шақырту SMS-хабарлама және қағаз түрінде жіберіледі.

Айта кету керек, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатындарға бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған. Атап айтқанда, несиелік демалыс беріледі. ҰБТ тапсырмай-ақ жоғарғы оқу орнына түсу мүмкіндігі де қарастырылған. Тағы мемлекеттік үлгідегі жұмысшы мамандығы куәлігі беріледі, ал запасқа шығарылған соң жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Ал әскерден жалтарғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын да еске сала кеткен жөн.