БҚО-да 186 елді мекенді су басуы мүмкін
Батыс Қазақстан облысында 186 елді мекенді су басуы мүмкін. Қауіптің алдын алу мақсатында су айдындарында мұз жару шаралары жүргізілмек.
Қазір төтенше жағдайлар қызметкерлері жалпы аумағы 90 мың шаршы метр болатын 96 аумақты белгіледі. Оның басым бөлігі Оралда, 11-і аудандарда өткізіледі. Көктемгі тасқынның алдын алу үшін жергілікті бюджеттен 200 млн-нан аса теңге бөлінді. Мұз жаруға 5 арнайы бригада бекітіледі. Бұл жұмыс наурыз айының алғашқы онкүндігінде басталады.
Азамат Ысмайыл, ТЖД басқармасының бас маманы:
- Өңірдегі Шаған, Деркөл, Быковка үлкен, ал Жақсыбай, Қалдығайты, Өлеңті кіші өзендерге жатады. Көктемгі тасқынға байланысты қосымша 7 гидробекет құрылды. Сонымен қатар Шаған, Деркөл, Жайық өзендеріне 3 автоматтандырылған бақылау жүйесі қойылады.