Қазақстанда бір айда есірткіге қатысты 700 қылмыс анықталды
Жылдың алғашқы айында полицейлер есірткіге қатысты 700-ден астам қылмысты анықтады. 5 тонна прекурсор мен 29 келі синтетиканы қоса алғанда жалпы салмағы 800 келіден астам есірткі тектес затты тәркіледі. Оны саудалап, жарнамалаған 1257 сайтты бұғаттады. Бұл жайында есірткіге қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес отырысында айтылды.
Айта кетерлігі, Ішкі істер министрлігі жанындағы бұндай кеңес елімізде алғаш құрылып отыр. Ұйымның мақсаты – есірткіге тәуелділікпен және заңсыз айналымымен күрес. Кеңес құрамына азаматтық қоғам өкілдері кірді.
Сергей Ильиных, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті басқарма бастығының орынбасары:
- Іс-шара ұлттық деңгейде есірткі қылмысына қарсы күрес және профилактиканы күшейту мен нығайту аясында өткізілді. Отырыста кеңестің жұмыс жоспары, сондай-ақ өңірлерде ұқсас кеңестерді құру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл жергілікті жерлерде күш пен құралдарды тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Жұмыс бағыты айқындалып, есірткі қылмыстарының алдын алу және жас ұрпақты есірткі ортасына тарту факторларын болдырмау бойынша шаралар нақтыланды.