Алматыда қар көшкіні қауіп төндіріп тұр

Күн жылынғалы Алматы маңайындағы тауларда қар көшкіні қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды 24KZ. Сондықтан мамандар туристерге сақ болу қажеттігін ескертеді.

Мәселен, Шымбұлаққа күніне 4 мыңға жуық адам келеді. Демалушылардың дені сол маңдағы Богданович мұздығына жаяу шығады. Дәл осы жерде қар көшкінінің ықтималдығы жоғары. Ондағы қардың қалыңдығы 80 сантиметрден 1,5 метрге дейін жетеді. Осыған орай «Қазселденқорғау» мекемесі «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында қар көшкінінің алдын алу шараларын жүргізді. Оған құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің 30-ға жуық қызметкері қатысты. Шаңғы жолы түгелдей жабылды. Ең қауіпті деген жерлер Талғар асуында теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан. Дәл сол маңға жарылғыш заттар қойылып, қар түсіру жұмыстары жүргізілді.

Сала мамандарының айтуынша, мұндай 165 қауіпті аймақ бар. Қар көшкіні қаупі сәуір айының соңына дейін сақталады.

Самат Дәуленқанов, «Қазселденқорғау» ММ Алматы филиалының басшысы:

- Бұл аймақтардың барлығы қар көшкініне қауіпті саналады. Атап айтатын болсақ, Кіші Алматы өзеніндегі Шымбұлақ, Медеу шатқалы және Тұйықсу, Үлкен Алматымен алатын болсақ, Космостанция жолдары – барлығы қар көшкіні қауіпті аймаққа жатады. Бүгінгі таңда біз солардың алдын алу үшін барлық қар көшкіні бар аймақтарда ақпараттық щиттерді орнаттық.