Ақтөбеліктер қаланы абаттандыруға белсенді атсалысып жатыр
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындар балаларға арналған алаңдар мен аулаларды жарықтандыруға қатысты жобаларын әзірлеп жатыр. Осылайша биыл 100-ден астам жоба бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Бұл аула бір жыл бұрын сұрықсыз күйде жатыр еді. Балалар ойнайтын жер іздеп біраз әбігерге түсетін. Енді тұрғындар бастамасымен аулаға ойын және спорт алаңы салынды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының игілігін көрген тұрғындар ауланы абаттандыру жобасын өздері дайындаған.
Галина Прохина, қала тұрғыны:
- Бізге көрші ауланың тұрғындары келіп, жобаны қалай әзірлеп, қайда жолдау керегін сұрайды. Білгенімізді айтамыз. Мұнда келушілер көп. Ата-аналар балаларын әкеледі. Ересектер спорт алаңында жаттығады.
Мына аула да жақында жаңартылады. Меншік иелері бірлестігінің төрағасы Сергей Сергеевтің 33 млн теңгеге бағаланған жобасы мақұлданды. Жалпы биыл облыс орталығында 100-ден аса жоба жүзеге аспақ.
Сергей Сергеев, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Мұнда қоршауы бар шағын футбол алаңы болады. Ересектерге арналған орындықтар орнатамыз. Сонымен қатар балалар ойын алаңы да салынады. Бізде 144 пәтер бар. Бала көп. Бұл игіліктің бәрі солар үшін жасалып жатыр.
Қазір өз ауласын абаттандырғысы келетіндерден өтінімдер қабылданып жатыр. Жобаны әуелі сараптамалық комиссия қарайды. Оған әкімдік өкілдерінен бөлек қоғам белсенділері мүше.
Мирас Әжібаев, Астана ауданы әкімдігі ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Осы жоба аясында тұрғындар тарапынан ең басты сұраныстар: осы балалар алаңын орнату, спорт алаңын орнату воркаут площадка және футбол алаңы. Егер ауласының көлемі қолжетімді болып көрінсе, сол жерлерге футбол алаңын сұрайды. Аула ішіндегі кешкі жарықшамдарын қондыруды сұрайды.
Тұрғындардан ең көп дауыс жинап, комиссия мақұлдаған жобалар келер жылы жүзеге асырылады. Жалпы бір ауланы абаттандыруға 56 млн-ға дейін теңге қарастырылған.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев.