Жайық өзеніндегі су деңгейі бақылауға алынды

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері су тасқынына қарсы бірлескен шараларды қолға алды. Тараптар трансшекаралық Жайық өзенінің деңгейін бақылау және мониторинг жүргізу бойынша келісімге келді.

Өзен бойында Батыс Қазақстан облысының 87 елді мекені орналасқан, ал су ресурстарының 80%-ы Ресей аумағынан келеді. Қазір өңір басшылары Орынборда гидрологиялық деректермен танысып, су тасқынына дайындық шараларын талқылады. Қазақстандық тарап ресейлік әріптестеріне Ирикла қоймасынан су жіберу көлемін былтырғы деңгейден төмендетпеуді ұсынды.

Андрей Вязиков, Орынбор облысы су тасқынына байланысты ведомствоаралық Комиссия төрағасының орынбасары:

- 2024-ке қарағанда биыл жағдай жақсы болуы тиіс. Биылғы су тасқынының былтырғыдай қиратушы жойқын зардаптары болмайды деп үміттенеміз. Оған дайындық жүріп жатыр. Барлық мекемелеріміздің әзірлігі жоғары. Ресей жағынан да, Қазақстан жағынан да керекті мәліметтерді алып, өзара ақпарат алмасып отырмыз.