Ақтөбе облысында уланып ауруханаға түскен оқушылар үйге жіберілді
Ақтөбе облысында уланып ауруханаға түскен балалар үйлеріне жіберілді, деп хабарлайды 24KZ. Олардың денсаулығы түзелген. Сейсенбі күні Қобда аудандық ауруханасына 23 бала жатқызылған еді. Олардан көз жасаурау, құсу, денеге бөртпе шығу сынды улану белгілері байқалған.
Тексеру барысында сол күні оқушылардың бірі Қытайда өндірілген тәттіні әкеліп, сыныптастарына үлестіргені анықталған. Оны сол маңдағы дүкеннен сатып алған. Санитарлық-эпидемиологиялық станция сауда орнына тексеріс жүргізді. Балалар тұтынған тәттілердің тауарлық маркасы, оған қатысты тисті құжаты болмаған. Өнім түгел зертханаға тексеріске жіберілді.
Әлия Пернебаева, Қобда ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Балалардың денсаулығы жақсы. Олардан алынған соңғы анализ қорытындысы жақсы. Сол себепті үйлеріне жіберіп жатырмыз. Балалар аэрозолды жолмен, яғни тәтті иістен уланған.
Райхан Қойшанова, Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
- Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы барлық дүкендер бойынша мониторинг жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 45 дүкен тексеріліп, 2 өнім табылды. Оны зертханаға тапсыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстарын күшейтілді.