Атырау облысында су тасқынына дайындық қарқындады
Атырау облысының Қызылқоға және Жылыой аудандарында су тасқыны қаупі бар.
Төтенше жағдай департаментінің мамандары гидрологиялық болжамға сүйеніп, осындай мәлімдеме жасады. Қазір Жылыой ауданында Жем өзені мен Құрсай каналының арнасы кеңейтіліп, түбі тереңдетіліп жатыр.
Асланбек Шығыр, тілші:
-Біз қазір Шоқпартоғай ауылы мен Тұрғызба ауылының аралығындамыз. Мұнда өзеннің түбін тереңдету жұмыстары қарқынды жүруде. Қазір 70-тен аса техника Жем өзенінің арнасын 50 метрге кеңейтіп, түбін 2 метрге дейін қазып жатыр.
Жоба бойынша Жем өзені мен Құрсай каналын қоса алғанда 96 шақырым тереңдетілуі керек. Қазір мердігер мекеме 82 шақырымын қазып үлгерген. Бұл жұмыстар айдың соңына дейін аяқталады.
Сабыржан Орманов, мердігер мекеме өкілі:
- Бір тәулікте 400-ден 600 метрге дейін тереңдетеміз. Жұмысшылар күндіз-түні екі ауысыммен жұмыс істейді. Осылайша тамызда басталған жобаны мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Аудандағы су басу қаупі жоғары аумаққа ұзындығы 65 шақырым бөгет салу жоспарланған еді. Қазір соның 30 шақырымға жуығы аяқталды. Бұдан соң Құрсай каналыынң Құлсары қаласымен өтетін бөлігін тазартып, тереңдету көзделіп отыр. Қамыскөл және Соленый көлдері де тазартылады. Сонымен қатар судың мөлшерін анықтау үшін гидробекет орнатылады.
Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:
- Бізде қазір гидробекет орнатылған жалғыз Ақкиізтоғай ауылдық округінің жанында орналастырылғаны бар. Бүгінгі таңда біз соның Ақтөбе облысының шекарасына тағы да бір гидробекет орнатқымыз келіп отыр. Себебі бұл судың мөлшерін алдын ала біліп, болжам жасау үшін.
Былтыр 100 үй салынған Болашақ ықшам ауданына биыл қауіп жоқ, дейді аудан әкімі. Өйткені ғылыми-зерттеу институты бұл аумақтың биікте орналасқанын дәлелдеді. Жалпы облыста су тасқынына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл су басу қаупі жоғары 51 елдімекенге маусымдық гидробекет орнатылады.
Руслан Жұмағазиев, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бұған дейін Қазгидромет мекемесінің 12 гидробекеті жұмыс істеді. Енді қауіпті аймақтарға 51 маусымдық гидробекет орнатылады. Бұл келетін судың көлемін анықтап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Облыстық жедел штаб биыл да жұмысын жалғастырады. Келген мол суды теңізге кедергісіз жіберу үшін Жайық өзенінің түбі де тереңдетіліп жатыр. Тасқынға қарсы жұмыстарға 1500-ден аса адам мен 244 техника әзір тұр.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин