Нұра кентіндегі бассейн құрылысына қатысты іс сотқа жіберілді
Қарағанды облысының Нұра кентіндегі бассейн құрылысына қатысты іс сотқа жіберілді.
Бұған дейін нысанды салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен экономикалық тергеу департаменті тергеу жүргізген болатын.
Ведомоствоның мәлімдеуінше, балалар спортын дамыту мақсатында басталған нысан құрылысына жауапты мердігер жеткізілмеген материалдар үшін өзге мекемелерге ақша аударған. Олардың бассейн салуға еш қатысы жоқ екені анықталған. Сот құрылыс-экономикалық сараптамасының қорытындысы бойынша мемлекетке келтірілген шығын 130 миллион теңге. 2020 жылы басталған құрылыс қазір тоқтап тұр. Енді Нұра кентінде бассейн қашан салынатыны белгісіз.
Ерлан Асылхан, Нұра ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Мердігер келісім-шарт бойынша міндетін орындамағаны үшін 2022 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды. Біз компанияның үстінен арыз жаздық. Іс тергеліп, сотқа жөнелтілді. Әзірге Нұра кентінде бассейн қашан салынатыны туралы нақты жауап жоқ. Ол мәселе сот үкімі шыққан соң ғана нақтыланады.