Елімізде алимент бойынша 4,6 млрд теңге қарыз өндірілді

Елімізде өткен жылы 23 мыңнан астам баланың пайдасына алимент бойынша 4,6 млрд теңге қарыз өндірілді. Бауыр еті баласына берешегін уақытылы төлемей, жалтарып жүрген әкелердің бірқатарына құқық қорғау органдары қатаң шара қолданды. 176 азаматтың мекенжайы анықталып, жауапкершілікке тартылды.

 Мұнымен қоса сот шешімдерін орындаудан қашып, мүлкі мен табысын жасырып келген борышкерлер бар. Тиісті заңнамаға сәйкес оларға шектеу шаралары енгізілді. Мәселен, шетелге шығуға тыйым салу, рұқсаттар мен арнайы құқықтарды беруге уақытша тоқтау қою, көлік жүргізуші құқығынан белгілі бір мерзімге айыру жазасы қарастырылған. Алименттік қарызын төлемеген жағдайда мүлік пен банктік шоттары да бұғатталуы мүмкін.

Айта кетсек, Бас прокуратураның дерегі бойынша қазіргі таңда жинақталған жалпы қарыз көлемі 28 млрд теңгеден асады.