Әскердегі әлімжеттік: Armia.kz қосымшасы арқылы шағымдануға болады
Алдағы уақытта әскердегі әлімжеттік немесе тағы да басқа құқықбұзушылыққа қатысты сарбаздардың арыздануы жеңілдей түспек. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев брифинг кезінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, әр әскери бөлімшеге арнайы QR-код орналастырылады. Сол арқылы сарбаздар цифрлық платформаға кіріп, шағымын түсіре алады. Сонымен бірге биыл Armia.kz мобильді қосымшасы іске қосылады. Тегін қосымша iOS пен Android негізінде жұмыс істей береді. Қосымша ата-ананың әскери бөлімшелермен, сарбаздармен кері байланыс орнатып, жағдайды біліп тұруға мүмкіндік бермек. Яғни бөлімшедегі ыстық ас-су, медициналық тексерістен өту процесін де қашықтан қадағалауға болады. Бұл әскери қызметтік ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізбек. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша армиядағы құқықтық және әскери тәртіпті бақылау бойынша бірқатар іс-шара қолға алынған», – дейді Тілеухан Басқожаев.
Тілеухан Басқожаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы:
- Одан бөлек, әр әскери шақыру, әскери комиссариат дейміз, істері жөніндегі департамент осы әскери ата-аналар одағының мүшелері сол жерде сұрақтарының жауаптарын бағыттап ала алады. Мерзімді әскердегі әскери қызметшілер білім гранттары және несие демалыстарын ұсыну бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.