Биыл Ақмола облысында 37 ауыл орталық су жүйесіне қосылады
Халық аз шоғырланған 41 елді мекенге блок-модульді станция орнатылады, деп хабарлайды 24kz.
Нәтижесінде 20 мың адам сапалы ауызсумен қамтылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.
Бурабай ауданы Баянбай ауылының халқы 25 жылдан бері ауызсудан тарығып отыр. Ауылдағы су құбырлары әбден ескірген. Жүйеде жиі ақау шығады. Ондайда ауылдықтар тіршілік нәрін көрші елді мекендерден тасып ішеді.
Людмила Шелест, ауыл тұрғыны:
- Су құбырлары әбден тозған. Өйткені ол 1978 жылдары салынған. Міне, сол уақыттан бері дұрыс жөндеу көрмеді. Салдарынан суымыз жиі сөніп қалады. Оны қайтып жөндеуге біршама уақыт кетеді.Су болмаған кезде басқа аудан, қаладан сатып әкеліп, ішеміз.
Екі мыңнан астам тұрғыны бар ауылдағы мына колонканың кеуіп тұрғанына он жылдан асқан. Халық күнделікті тірлігіне қажет суды колонканың құдығынан алады. Желіден ақау шықса, құдықтың өзіне су келмей қалады. Мысалы, жаңа жыл қарсаңында бірнеше күн сусыз отырған.
Елемес Сейфуллинов, ауыл тұрғыны:
- Қиыншылық көрдік. Прорыв болғанда сусыз қаламыз. Водовоз жалдап, бізге су тасыды.
«Ауылдағы су тапшылығы мәселесі биыл толығымен шешіледі», - дейді жауаптылар. Ескірген құбырларды жаңартуға 900 млн.теңге бөлінген. Осылайша, 26 шақырым су құбыры ауыстырылады. Бұдан бөлек, аймақтағы басқа да ауылдар орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып, қалғанына модульді станциялар орнатылады.
Берік Шайсұлтанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін ауыл мен қалаларды 100% сумен қамту жоспарланған. Осы тапсырманы орындау мақсатында биыл Көкшетау қаласының Станционный кентінде, Қосшы мен Макинск қаласында және Ерейментау қаласында жобаларды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар 41 ауылда таза сумен қамтамасыз ету үшін блок-модуль орнату жоспарланған.
Қазір аймақтағы ауыл тұрғындарының 96%-і сапалы ауызсумен қамтылған. Жергілікті билік алдағы бірер жылда су мәселесін түбегейлі шешеміз деп отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко