Қазақстанда мыңнан астам ауылда интернет жоқ

Елдегі мыңнан астам ауыл интернетпен қамтылмаған. Онда тіпті ұялы байланыспен де үндесу қиын. Дегенмен 2027 жылға дейін шалғай аймақтарды жоғары жылдамдықты ғаламтормен қамту ісі шешімін табады. Бұл жайлы бас қалада өткен брифингте байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы Азамат Серіктаев мәлімдеді.

Айтуынша, қазір 2800 елді мекен 3G, 2045 ауыл 4G жылдамдықты интернет қамтылған. Ал 5G байланысы алып қалаларда ғана қолжетімді.

Азамат Серіктаев, ҚР ЦДИАӨМ байланыс жобаларын дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы:

- 2600 астам ауылда талшықтық оптикалық байланыс желілері қолжетімді және 1950 астам ауылда мыс сымдары арқылы интернет қолжетімді. Оптикалық желілер тартылған 1123 ауылда жергілікті желілер салу көзделіп отыр. Одан бөлек ірі қалаларда 5G мобилді жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.