Алматыда жұмысшы жастардың пәтер алуына мүмкіндік көп
Жас мамандар үшін жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары – болашақта өз баспанасына қол жеткізудің тиімді жолы. Алайда сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлердің келісім мерзімі аяқталған соң жастардың басым бөлігі көшіп кетуге дайын болмай жатады. Себебі қажетті соманы жинап үлгермеген. Осыған байланысты мемлекет «Отбасы банк» арқылы оларды қолдап, балама шешімдерді ұсынып отыр. Алматыда жұмыс істейтін жастарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Меруерт Төлеубекова мемлекет берген жалдамалы пәтерде бес жыл тұрды. Айына 15 мың теңгеден ғана төледі. Осы уақыт ішінде ақшасын үнемдеп, баспанаға қаражат жинады. Сөйтіп, «Алматы жастары» бағдарламасына қатысып, алғашқы жарнасын құйып, «Отбасы банк» арқылы пәтер сатып алған.
Меруерт Төлеубекова, қала тұрғыны:
- «Алматы жастары» шынымен де біз сияқты үйсіз жүрген жастарға үлкен қолдау дер едім. Әйтпесе аз процентпен еш жерден несие алып, үй ала алмайсыз. 5 жыл жалға берілген үйде тегін тұрғанмен тең болды. Алматыда аренданың бағасын жақсы білесіздер. Мүмкіндікті дұрыс пайдаланған жөн. Жақында пәтерді босатып берем. Жаңа үйімді 20 млн теңгеге алдым. Оның 18 млн-ы несие, 2 млн-ын өзім қостым. Үй құнының 10%-ін төлеп, банк шартын орындадым. Қазір пәтерімді жөндеп жатырмын.
Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлер – жастарды аяқтан тұрып кеткенше қолдаудың жолы. Осы уақыт ішінде олар үй жағдайын жақсарту үшін әрекет жасауы тиіс болған. Алайда мұны бәрі бірдей қаперге алмаған. Кейбірі жалдамалы пәтерде әлі де қала бергісі келеді. Үкімет бұл мәселені шешу үшін жалға алушыларды «Отбасы банк» пен жергілікті әкімдіктердің – Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы жеңілдетілген бағдарламаларына қосқан.
Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры:
- Қазіргі таңда бастапқы клиенттеріміз, яғни жастар өздерінің мүмкіндіктерін қолданып, қазіргі таңда үйлі болған жастар да бар. Сонымен қатар былтырдан бері осы Алматы қаласында, өзімізге белгілі, жүзеге асып жатқан «Алматы жастары» бағдарламасына осы жастар қатарында кіргізген болатын-ды. Яғни Алматы жастарының шарттарына сәйкес ол алғашқы жарнасы төмен және пайыздық мөлшерлемесі 5%-пен несие беріледі.
«Отбасы банктің» бұдан бөлек тағы бірнеше бағдарламасы бар. Әрқайсысының шарттары бөлек. Мысалы, «Алматы жастары» 18 бен 34 жас аралығындағы жұмыс істейтін жастарға арналған. Ал «Наурыз» бағдарламасында жасқа шектеу жоқ. Бұл еліміздің басқа да ірі қалаларында жүзеге асырылады.
Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры:
- Жастарымыз әртүрлі ипотекалық бағдарламаларға қатысып, өздерінің пәтерлерін сатып алуға құқықтары бар. Жалпы осы арендада тұрып жатқан жастарға пәтерлерді сатып алу бойынша ешқандай шек қойылмайды. Бұл бағдарламаның негізгі шарты – жастарға өздерінің жаңағы алғашқы жарнасын 5 жыл ішінде жинап алуға дейін мүмкіндік беру.
Биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерде тұру мерзімі 2 жылға қысқарды. Енді жалдамалы баспана 3 жылға ғана беріледі. Одан кейін өзіне қолайлы ипотекалық бағдарламаны таңдап, баспана алулары тиіс.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов