24KZ түсірілім тобы театрлық сурдоаудармашының бір күндік өмірімен танысып қайтты

Өнерде шекара, шек жоқ. Әсіресе, театр әлемінде. Инклюзивті «Жастар» театрының қойылымдары осының дәлелі. Мұнда есту қабілеті бұзылған жандарға ым-ишара тіліндегі ілеспе аударма қызметі бар, деп хабарлайды 24kz.

Театрдың белді мүшесі, сурдоаудармашы Айдана Жапарова осы әдіспен көрермен көңіліне жол тауып жүр.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Айдана Жапарова – «Жастар» театрының сурдоаудармашысы. Әу баста оны инклюзивті театрға актриса ретінде жұмысқа шақырған-тұғын. Себебі Айдана бұған дейін ауруына байланысты қоларбаға таңылып қалған еді. Емделіп, аяғына тұрып кеткен қыздың ерік-жігері театр басшылығын тәнті етсе керек, ұжымының қатарына қосқысы келді. Ым-ишара тілін жетік меңгерген Айдана есту қабілеті бұзылған әріптестеріне режиссердің айтқандарын жеткізіп отырады. Әртістігінен гөрі бұнысының көмегі көбірек тиетінін түсінген соң сурдоаудармашы қызметіне ауысады. Дегенмен, шығармашылық қабілетін актерларға сахналық грим жасау арқылы танытып жүр.

Айдана Жапарова, «Жастар» театрының сурдоаудармашысы:

- Ым-ишара тілін мен бала кезімнен білем. Менде ата-анам құлағы істемейтін адамдар. Сол бала кезден мен ым-шара тілін білем. Бірақ жұмыс істеген жоқпын.

Айдананың инклюзивті театрдағы қызметіне бір жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында көрермен алдында қойылымдардың сурдоаудармасын жасауға әбден дағдыланып алған.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Қанша спектакльде сурдоаударма жасап үлгердіңіз?

Айдана Жапарова, Жастар театрының сурдоаудармашысы:

- Ммм бес... шамамен. Бес спектакльдің аудармасын жасадым. Бүгін Құстар фестивалі – бесінші спектакль.

- Бірінші спектакльмен, бүгінгі спектакльдің арасында айырмашылық бар ма? Қиынға түсіп жатыр ма, жоқ жеңілдей түсті ме екен?

- Қазір маған жеңіл. Бірінші рет аударма жасағанда өте қиын болған. Қорықтым сахнаға шыққанда көрермендерді көріп, өте қатты қобалжыдым. Қазір маған жеңіл.

Шығарманың мазмұнымен танысу, сөз жаттау, дайындық, грим, көрермен алдында сурдоаударма жасау. Айдананың күнделікті жұмыс тәртібі осы. Сахнадағы әртістердің әр сөзін ым-ишарамен дәм-тұзын келтіріп жеткізу үшін инклюзивті театр мүшелерімен бірге күнұзақ дайындалуға тиіс.

Қазір сахнада қойылымның дайындығы өтіп жатыр.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Айдана, айтыңызшы, мынадай ән айтқан кезде, би билеген кезде сіз не істейсіз?

Айдана Жапарова, Жастар театрының сурдоаудармашысы:

- Мен осы уақытта жай отырмын. Өзім перевод жасамаймын. Бірақ финалда мен аударма өлеңге істеймін.

- Соңғы кездерде концерттерде, атақты жұлдыздардың кештерінде сурдоаудармашылар да бірге қосылып, ән айтып билеп тұрады. Сіз билегенге қалай қарайсыз?

- Мен билеймін, әрине, финалда мен аударма жасаймын, орнымнан тұрып билеймін.

- Мына жердегі би қимылыңызды көрсетіп жіберіңізші.

Жастар театрының ұжымы да сурдоаудармашы қыздың еңбегін жоғары бағалайды.

Дәурен Серғазин, «Жастар» театрының актеры:

- Инклюзив театрына көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар келеді. Солар спектакльді көріп отырып, осы сурдоперевод арқылы түсінуі – бұдан үлкен жетістік жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бұл кез келген театрға болашақта үрдіске айналуы керек.

Өнер әлемінде шекара жоқ. Болмауға да тиіс. Режиссердің қалың көрерменге айтар ойын, әртістердің көңіл-күйін, жалпы сахнадағы өмірді еш кідіріссіз ым-ишарамен жеткізуге барымды саламын. «Инклюзивті театрдың құдіреті де сол», - дейді сурдоаудармашы Айдана Жапарова.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Абдулхамит Бөлекбаев