Блогерлердің бүккені бар ма?

Кірісін кемітіп көрсетіп, салық төлеуге салғырттық танытқандар кімдер? Өткен аптада Мемлекеттік кірістер комитеті елдегі 600-ге жуық блогер табысын бүгіп келгенін хабарлады.

Олар 53 млрд теңгені жасырып қалғысы келген. Тіпті Telegram каналдардың бірінде борышкерлердің тізімі жарияланып, онда желі жұлдыздарының бюджетке берешегі сөз болды. Дегенмен, жауапты комитет ақпаратты жоққа шығарды.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Елге танымал тұлғалардың салық берешегін көргенде елдің есі шықты. Млрд-таған қаржыға қайран қалмасқа болмады. Көптің көкейінде жалғыз сұрақ: «Мұнша қаражатты қайдан тапты?», - дейді ғой. Таңқалғандардың сапында сол салық борышкерлерінің өзі де бар. Олар да мұнша сома қайдан һәм қалай шыға келгеніне аң-таң. Кіріс-шығыс қалай есептелгені де беймәлім. Кейін кірістер комитеті қосымша хабарлама жариялады. Онда жүйедегі ақауға байланысты сомада қателік кетті делінген.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылғы 19 ақпанда 93 блогердің 9,8 млрд теңгеге қалыптастырылған хабарламасы кері қайтарылды. Хабарламалардың қайтарылу себебі оларды жіберу және өңдеу процесінде техникалық ақаулардың пайда болуынан орын алды.  

745 блогер 1,2 млрд теңге салық төлеген

Алайда, блогердің барлығы бірдей салықтан жалтарып немесе табысын жасырып жүр деуге келмейді. Айтайық, елде 745 блог иесі бар. Олар 2021 жылы 213 млн теңге, 2022 жылы 290 млн теңге, ал 2023 жылы 674 млн теңге салық төлеген. Сондай-ақ былтыр тоғыз айда 1,2 млрд теңге мемлекетке кіріс кіргізген. Осылайша, айналдырған төрт жылдың төңірегінде төлем көлемі 1 млрд теңгеден асқан. Бұл саладағы ашықтық пен қарашаның қаржылық сауаттылығы артқанының бір белгісі болса керек.

Бауыржан Ысқақ, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Мынау соңғы уақыттардағы жалпы халықтың кірісін декларациялауға байланысты жұмыстар нәтижесінде, одан кейін жалпы бізде ашық экономиканың дамуы, яғни, біз бұрын өзіміздің кірісіміздің үлесін азайту үшін шығындарды көбейтетін. Яғни, табыс табамыз, бірақ оны шығындардың көптігімен жаба отырып, салық салатын базаларды азайтатынбыз.

Салықтан жалтарғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Ал салық төлеуге асықпайтын ағайынның ахуалы не болмақ? Әзірге борышкерлер шартты кезеңде. Яғни, 30 күннің ішінде кірістер комитетіне хабарласып, тапқан-таянғанын түгелдей бүкпесіз баяндау керек. Алыс-берісін, есеп-қисабын тәтпіштеп түсіндіре алса, дәнеңе де жоқ. Ал мамандардың мәліметі өзгеріссіз қалса, біраз блогерлердің қалтасы қағалайын деп тұр. Салыққа салғырттық танытқандарға заң не дейді?

Рауан Қалиев, заңгер:

- Салық кодексі аясында немесе әкімшілік құқықбұзушылық аясындағы жауапкершіліктер. Бірінші тұрғыда ол пеня ретінде жүретін болса, екінші тұрғыда ол нақты жауапкершілік қарастырылады. Ол жерде 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Төленетін төлемдердің жалпы сомасы үлкендігіне байланысты қылмыстық кодексте жауапкершілік қаралған. Бұл қылмыстық кодекстің 244-бабына сәйкес 2-5 жыл бас бостандығынан айыру.

Көлеңкелі экономикамен күрес

«Дегенмен, бұл блогерлеге жасалған қысым емес, көлеңкелі экономикамен күрестің көрінісі», - дейді экономист Бауыржан Ысқақ. Айтайық, 2021 жылы біздегі алыс-берістің бақыланбайтын бөлігі 23%-ке жеткен, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 17%-ке төмендеді. Биыл да 15%-ке дейін түсіру жоспарланып отыр.

Бауыржан Ысқақ, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Бұл жерде блогерлердің де қателіктері бар. Егер де олар арнайы есепшоттарды ашып, БИН ашып, тапқан табыстардың барлығын кассовый аппарат болмаса да, заңды тұлғаның есепшотына қарай аударылатын болса, онда ондай жаңағыдай сұрақтар туындамас еді. Яғни, олардың туған туыстарының сыйлықтары бар немесе табысты сату арқылы тапқан табыстардың барлығы да бір ғана нөмірге түсіп отырған.

82 мың адам 1 трлн теңге табысын жасырып қалған

Салық төлеу міндет. Айтайық, 2023 жылы қазақстандықтар 19 трлн теңге салық төлеген. Ал былтырғы он бір айда бұл көрсеткіш 16 трлн теңгеге жеткен. Сондай-ақ салықтан жалтарып, кірісін кемітіп көрсеткен пысықайлар да болған екен. Мәселен, кірістер комитеті 2023 жылғы деректерді талдау барысында 82 мың салық төлеушінің айналымдарында айтарлықтай сәйкессіздіктерді анықтаған. Табысын төмендетіп көрсеткендер 1 трлн теңгені жасырып қалмақ болған.

Рауан Қалиев, заңгер:

- Салықты төлемесеңіз, жалтарсаңыз, жалған шот-фактурамен жұмыс істейтін болсаңыз, бірінші сізге 3 мың АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар жасаған қылмыстың ауыртпашылығына сәйкес сексен сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылу қауіпі бар.

Тоқпағы қатты болса, киіз қазық жерге кіреді. Талап-тілек күшейгелі қарашаның қаржылық сауаттылығы да, салық төлеудегі белсенділігі де артып келеді. Айтайық, елеусіз һәм есепсіз қалған табысын заңдастырғандар да бар. Мәселен, 6 мың адам 43 млрд теңге кірісін декларациялаған. Нәтижесінде бюджетке 1,1 млрд теңге қосымша қаржы түскен. Бұл тұста белсенді блогерлер де бар. Мәселен 8 желі жұлдызы 1,2 млрд теңге табысын заңдастырып, тағы 70 млн салық төлеген.