Пошта курьері жеткізетін сәлемдеме күніне мыңдап түседі

Елдің алғысын арқалап жүрген мамандық иелерінің бірі - пошташылар. Өркениет дәуірінде жойылып кетуі тиіс мамандықтар қатарында пошташының да кәсібі бар деп есептеуіміз мүмкін. Дегенмен елде байланыстың дәл осы саласына сұраныс әлі де жоғары. Себебі сәлемдеме қаладағы пошта пункттеріне күніне мыңдап түседі.

Айшылық алыс жерлерден хабар жеткізетін пошташылар кәсібінің тарихы тереңде жатыр. Ал қазіргі цифрлық дәуірде хаттар мен хабарламаларды көбінесе электронды нұсқада жіберетініміз анық. Есесіне ежелден осы іске жауапты пошташылардың жұмысы бүгінде азайған жоқ. Керісінше, аясы кеңейіп, жауапкершілігі де арта түсті. Оған пошта курьерінің қасында жүріп көзіміз жетті.

Пошташы Қайыркеш ағаның қызметі таңсәріден басталады. Ол күні бойы түрлі хат, құжат және тауар түріндегі сәлемдемені діттеген жеріне жеткізуге тиіс немесе, керісінше, әр үй мен мекемеден түскен өтінімді жинайды.

Қайыркеш Молдабаев, пошта курьері:

- Таңертең жұмысқа келеміз сағат 8-де. Одан кейін операторларымыз тиісті ауданымыздың «посылкаларын» бізге береді. Осы тізім бойынша алып «посылкаларымызды», «маршрутқа» шығамыз.

Жолға шықпас бұрын осы тауар толы бөлмеде бір сағаттай қарбалас жұмыс жүреді. Қайыркеш аға секілді басқа да курьерлер өз тапсырысын жинап, көлікке арта бастайды. Мұндағы қызмет жеделдікті, ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді.

Ерлан Мұратов, жеткізу қызметінің басшысы:

- Бізге қазір сұраныс артып жатыр. Мынау «посылкалар» 1700-1500 штук күнде келеді. Бізде қазір 14 курьер жұмыс жасайды. Бізде Астана бойынша бүкіл «посылканы» тек 9 бала жеткізеді. 5 курьер өтініш жинайды. Жан-жақтан жинап алып, жан-жаққа жібереміз. Қазақстан бойынша, шет елдерге де.

Қайыркеш аға қызметінің шыжығы мен қызығы қатар жүретінін айтады. Іске деген құлшынысы мен жауапкершілігін халықтың алғысы арттырады. Бір жарым жылдық тәжірибесінде ағайын болып кеткендер де бар дейді.

Қайыркеш Молдабаев, пошта курьері:

- Уже таныс боп қалған адамдарымыз бар. Кәдімгідей жаңағы ағайын адам сияқтымыз. Алып кетеміз, апарып береміз деген сияқты. Ауырып қалғанда бір аптадай «Сіз болмағанда кішкене поштамыз тоқтап қалды», – деп алғыстарын білдіріп жатады. «Қайыркеш аға, қашан шығасыз жұмысқа?», – деп білдіріп жатады алғыстарын.

Поштаға түсетін сәлемдемені жеткізетіндер елдің аманатын арқалаушылар десек артық емес. Осы істі міндетім деп білетін Қайыркеш аға: «Сәлемдемені алушыдан бұрын оны дін аман табыстаған біз қуанып жатамыз», – дейді.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Абдулхамит Бөлекбаев, Диас Қобланбаев