Жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасы тоқтатылады

«Елорда жастары» бағдарламасына қатыса алатындардың саны артады, деп хабарлайды 24KZ. Енді пәтерін 5 жыл бойы сатып алу құқығынсыз жалға алғандар да конкурсқа қатыса алады. Астана әкімдігі осындай мәлімдеме жасады. Бұдан бөлек те, қазір жастарға қандай ипотекалық бағдарламалар қарастырылған?

Астананың оң жағалауындағы мына көпқабатты үйлер жастарға Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы жалға берілді. 5 жыл аралықта олар алғашқы жарнаға ақша жинап, өздерінің баспанасына қол жеткізуі керек. Сөйтіп, жалдамалы пәтерді босатуға тиіс еді. Бірақ ковид кеселінен карантинге түскен жастар: «Сол мезетте жұмыссыз әрі табыссыз қалдық», – дейді. Сәйкесінше алғашқы жарнаға керекті қаржыны жиып үлгермеген. «Дәл қазір барар жеріміз жоқ. Сондықтан жалдамалы пәтерді оңтайлы бағдарлама арқылы өзімізге қалдырсын» деген ұсынысын алға тартып отыр.

Перизат Қуатбекқызы, қала тұрғыны:

- 2-3 баламен келгендердің 4-5 баласы бар. Біздің тұрмыс-тіршілігіміз бәрі осында орныққан. Осы тұрып жатқан үйлерімізді тегін сұрамаймыз, сатып алу құқығына сұраймыз. Бастапқы жарнасын төлейміз және ай сайынғы төлемін төлеп, сатып алуға өз меншігімізде қалғанын сұраймыз.

Алайда әкімдікпен арада келісімшарт бар. Құжатқа сай жастар 5 жылдан соң үйді бостуға міндетті. Жергілікті атқарушы орган қыс ішінде далада қалмасын деген ниетпен оларға «Елорда жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасын ұсыныпты. Несие жылдық 5%-тік мөлшерлемемен беріледі. Максималды сомасы 18 миллион, мерзімі 19 жыл.

Бекжан Сипат, Астана қаласы әкімдігі «Тұрғын үй қоры» КММ бөлім басшысы:

- Бұл жерде оларға ешбір шектеу жоқ. Яғни жасына да қарамайды, тікелей жұмыс орнына да қарамайды. Табысы егер негізгі өтініш беруші азамат жоқ болған жағдайда, онда отбасы құрамындағы не жұбайы, не жолдасы қатыса алады. Табыс көзі бойынша шектемейміз бұл кісілерді. Қазіргі таңда оларды депозитке ақша сал деп мәжбүрлемейміз. Яғни төлем қабілетін растап, тұрғын үйін тауып алғаннан кейін сол 1 млн 800 мың бастапқы жарнаны құюға мүмкіндіктері бар.

Былтыр 22 қарашада Президент «Тұрғын үй саясатын реформалау туралы» заңға қол қойды. Оның аясында әлеуметтік осал топтарға бұрын сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспананы қоса алғанда жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіру құқығы қарастырылған. Бірақ мамандар: «Қазіргі жалдамалы пәтерін босатуға құлықсыз жастарға оның қатысы жоқ», – деп отыр, себебі 2019 жылы бұл пәтерлер жастарға еш кезексіз іріктеу негізінде ұсынылды.

Бекжан Сипат, Астана қаласы әкімдігі «Тұрғын үй қоры» КММ бөлім басшысы:

- Бірақ та бұл жұмыс істеуші жастар бағдарламасы аясында алған азаматтарға қатысты емес екендігін атап кеткіміз келеді. Сол себепті жастар осы заңға сүйене отырып, тұрғын үйді жекешелендіруді сұраған болатын мемлекет тарапынан. Әрине, мемлекет жастардан келген ұсыныстарды, сұранысты ескеріп, жастарға «Елорда жастары» жеңілдетілген бағдарламасына қатысуға мүмкіндік берді.

Әркімде де таңдау бар. «Елорда жастары» көңілге қонбаса, нарықта түрлі ипотекалық бағдарлама жұмыс істеп тұр. Бастапқы жарнаға қаржы жетіп, талаптарға сай келгендер қалаған баспанасына қол жеткізе алады.

Дария Батенова, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары:

- Бүгінгі күнде де олардың мүмкіншіліктері бар. Қазіргі мына кейінгі тұрып жатқан осы жалға алған азаматтарға тоқталып кететін болсақ, олар бүгіннен бастап өз ақшасын жинап, кейін кез келген біздің бағдарламаға қатысуға мүмкіншіліктері бар.

Айтқандай, 2019 жылы Астанадағы жұмыс істеуші жастарға 3 мыңнан астам жалдамалы пәтер бөлінді. Қазір оның 200-ден астамы берілген мүмкіндікке алғысын айтып, пәтерді босатқан. 5 жылда бастапқы жарнасын жиып үлгергендер тиімді бағдарламаны қарастырып, сатып алған баспаналарына қоныстанып отыр.

Әсел Қайратқызы, қала тұрғыны:

- Біз жалдамалы пәтер бойынша келісімшартқа қол қойғанда барлық талапты оқыдық. 5 жылдан соң оны босатуға тура келетінін білдік. Жолдасыммен уақытты тиімді пайдаланып, тапқанымызды жиып отырдық. Бұл шаңырақта үшін алғыс білдіреміз. Қазір өз баспанамызды сатып алып, көшіп кеттік.

Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі жастарға арналған жалдамалы баспана бағдарламасының тоқтатылатынын мәлімдеді. Ол 2019-2025 жылдар аралығында жүзеге асты. Наурызда жалдау шарты аяқталған соң азаматтар тұрғын үйді бостуға тиіс. Себебі ол әрі қарай кезекте тұрған тек әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жалға берілмек.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мерей Талап