Шымкенттегі жиһаз фабрикасында «Алғыс айту» күні аталып өтті
Шымкенттегі жиһаз фабрикасының жұмысшылары бірлік пен ынтымақтың арқасында еңбек өнімділігін арттырды. 150 адам еңбек ететін кәсіпорында ай сайын 8 мыңға жуық мектеп партасы мен кеңсе жиһазы шығарылады. Әртүрлі этнос өкілдері «Алғыс айту» күнін атап өтіп, өзара татулық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
Шырынбек Сатаев өндіріс бөлімінің операторы болып 4 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ұлты түрік болғанымен, қазақы ортада өсіп, қатарластарымен ойнап жүріп, тілді оңай үйренген. Әріптестерімен де тығыз қарым-қатынас орнатып, «аға-бауырдай араласып кеттік», – дейді ол.
Шырынбек Сатаев, өндіріс бөлімінің операторы:
- Бұл жерге бәріміз үйреніп қалғанбыз. Бір отбасы сияқты болып, көмектесіп, бір-бірімізді құрметтеп істеп жатырмыз. Білмеген нәрселерді бастықтарымыздан сұрап алып, істеп келе жатырмыз.
Жиһаз өндірісінде ондаған этнос бір отбасы мүшелеріндей тату. Заманауи технологияның тілін бір-бірімен тәжірибе алмасып жүріп меңгерген. Дәнекерлеушіден цех басшысы қызметіне дейін көтерілген Геннадий Чубуков та тату тірлік еңбек өнімділігіне ерекше әсер еткенін айтады.
Геннадий Чубуков, цех басшысы:
- Мен бастапқыда қарапайым дәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Заманауи технологиялардын тілін бір-бірімізден үйреніп, кесуді, металды өңдеуді меңгердік. Кейін жаңа станоктар арқылы бояудың ерекше түрлерін енгіздім. Қазір металл бұйымдары цехын басқарамын.
Мереке қарсаңында ынтымағы жарасқан еңбек адамдары ескерусіз қалмады. Фабриканың үлгілі жұмысшылары мен үздік қызметкерлері құрметке бөленді. Адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін марапатқа ие болды.
Жиһаз өнеркәсібін цифрландырудан кейін кәсіби мамандарға деген сұраныс артты. Сондықтан «Жұмысшылардың ауызбіршілігі мен кәсіби шеберлігіне ерекше мән беріледі», – дейді мамандар.
Руслан Тұрмаханов, жиһаз фабрикасының техникалық директоры:
- Автоматизация, цифровизацияға байланысты әрбір маманның өз орны бар және де сол орында ол кісілердің жұмыс атқаруы үшін және ол орында тәжірибесі өсуі үшін қосымша оқуға жіберіп, осындай мерекелерде қолдап, көрсеткен тәжірибесіне, алған біліміне байланысты марапаттар ұсынамыз.
Өндірістегі этностар бір-бірінің мәдениеті мен дәстүрлі ерекшеліктеріне құрметпен қарайды. Осыдан соң өзара қарым-қатынас нығайып, татулық та орнаған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы