Колледждердің білім беру бағдарламасы жаңартылып жатыр
Маңғыстау облысында Жұмысшы мамандықтар жылы жаңа мамандық оқытыла бастады. Қазір Ақтауда екі колледжде 80-ге жуық студент «Баламалы энергетика», «Робототехника және мехатроника» бағытында білім алып жатыр. Салаға жауаптылар өңірде тағы қандай мамандық иелеріне сұраныс барын анықтап, еңбек нарығына талдау жасауды бастады. Енді жұмысшы кадрлар дайындауға басымдық беріледі.
Маңғыстау облысында энергетика, балық және ауылшаруашылығы мен қолөнер саласында маман тапшылығы бар. Бұл еңбек нарығына жүргізілген талдау нәтижесінде белгілі болды. Қазір жүздеген студент осы мамандықтар бойынша білім алып жүр. Әсіресе, балық шаруашылығына қажетті маман даярлау ісі оң жолға қойылды. Себебі соңғы жылдары тұралап қалған балық өнеркәсібін қайта жанданды.
Жәния Сармурзина, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Балық өндірісі мамандығын Түпқараған гуманитарлық-кәсіптік колледжінде аштық. Сонымен қатар тері-тон илеу бұл Қарақия кәсіптік колледжінде ашылды. Ал Нұрмұқан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Жаңартылған энергетика» мамандығы өткен жылы ашылды. Бұл дегеніміз күн сәулесінен энергия алудың балама жолдары қарастыру бағытында.
«Жұмысшы мамандықтар жылында» колледждердің білім беру бағдарламалары жаппай жаңартылып жатыр. Енді олар жаңа мамандықтар атласының талаптарына сай болуы тиіс. Айбек Бақтыбаев келесі жылы оқу бітіреді. Ол Маңғыстауда «Жасыл энергия» жобасымен құрылған кәсіпорында жұмыс істеп әрі шетелде біліктілігін шыңдауды армандайды.
Айбек Бақтыбаев, студент:
- Колледжде теориялық сабақтан алған білімді тәжірибелік жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік бар. Бұл жерде зертханада электр құралдарының барлық түрін қауіпсіз әрі дұрыс қолдануды меңгеріп жатырмыз. Біздің өңірде энергетика саласында жасалып жатқан жоба көп. Оқуды бітірген соң жергілікті кәсіпорынға қызметке орналасуға күш-жігерімді жұмсаймыз.
Айнагүл Жұмағали, колледж директоры:
- Колледжде 1,5 мың студент білім алуда. Соның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша 150-ден астам студент білім алады. Зертханада ІТ-хаб кабинетін ашамыз. Сонымен бірге «Жасанды интеллект» бойынша видеконтент түсіру үшін кабинеттер ашу жоспарланды. Франция еліндегі екі колледжбен ынтымақтастық орнатқан болатынбыз. Соның аясында оқытушылар мен студенттерімізді өзінің мамандығы бойынша тағылымдамадан өтуге жіберіп жатырмыз.
Биыл облыс әкімдігінен 65 мамандыққа 98 біліктілік бойынша 5600-ден астам грант бөлінді. Соның негізінде бірнеше колледж «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» және «Гидрогеология, инженерлік геология» мамандығы бойынша кадр даярлауға дайындалып жатыр. Бұдан бөлек, жекелеген арнаулы оқу орны ІТ хаб ашуға жұмыстануда. Келешек роботехника, бизнес стартаптарды дамыту секілді жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.