Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толды

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Алғыс айту мерекесіне орай Достық үйінде республикалық форум да ұйымдастырылды. Оған Үкімет өкілдері, Ассамблея мүшелері мен ардагерлері және этномәдени бірлестік жетекшілері қатысты. Форум аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мемориалдық тақтасы ашылып, дөңгелек үстел өтті. Онда Ассамблея мүшелері қазақ еліне алғыс білдере отырып, ел аумағы бойынша өтетін «Қайырымдылық керуені» акциясының 30-жылдыққа арналған фестиваль, көрме, концерттердің уақыты нақтыланды. Жиын соңында Ассамблея ардагерлеріне естелік сыйлықтар табысталды. 

Сауытбек Әбдірахманов, қоғам қайраткері:  

- Биылғы мереке Ассамблеяның 30-жылдығымен, Алғыс айту күнінің 10 жылдығымен және оразаның бірінші күнімен сәйкес келіп тұр. Осының бәрі өте символдық мәні бар жағдай. Бұл біздің ортақ мерекеміз, бірлігіміздің, тірлігіміздің мерекесі. 30 жылдың ішінде Ассамблея Қазақстан халқының бірлігінің үлкен тірегіне айналды, этностарды бір ұлтқа ұйыстыра алды.

Мерейтойлық жыл аясында Ассамблея биыл 400-ден астам іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде ғылыми-практикалық концеренциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және өзге де әлеуметтік-мәдени бағыттағы жиындар болмақ.

Акмаржон Исмаилов, Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы :

- Бүкіл қазақ еліне ең бірінші алғыс айтамыз. Өйткені 100-ден аса этнос өкілдері кезінде осы қазақтың қасиетті жеріне көшіп келгенде қазақ халқы өзінің жерімен, нанымен бөлісіп күтіп алды. Сондықтан қазақ халқына өзіміздің алғысымызды айтамыз.