Тараздық дәрігерлер жылына мыңнан аса сәбиді құтқарады

Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері жылына мыңнан аса сәбидің өмірін аман алып қалуға атсалысады.

Себебі орталықта бір жылда 8 мыңға жуық бала дүниеге келсе, соның 12%-і мерзімінен бұрын туылады. Ал аймақ полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, адам өмірін ажалдан аман алып қалып жүр. 

«Жамбыл облыстық перениталдық орталығы 2015 жылы ашылған. Содан бері дәрігерлер 10 мыңнан аса шақалақтың жетілуіне үлесін қосты. Ерте туған сәбилердің ең кішісінің салмағы 500 грамм. Мұндай жағдайда жасанды құрсақтың рөлін атқаратын аппаратқа жатқызады. Баланы қарау үлкен қажырлық пен шыдамдылықты қажет етеді. Себебі сәбидің өздігімен дем алып, тамақтануы үшін 3-4 ай керек», - дейді ақ халатты абзал жандар.

Лора Асанова, облыстық Перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі:

- Балалардың өкпесі, іш құрылысы, бас нерв жүйесі жетілмеген болып туылады. Анасының жылы, жұмсақ ортадан шыққаннан кейін балаға сондай ортаны әрі қарай жалғастыру өте маңызды. Сондықтан олардың осы жерде өмірінің бірінші минутынан бастап балаға сондай жағдай жасалады. Бала арнайы кувез аппаратына жатқызамыз.

Дәрігерлердің тынымсыз еңбегіне Әйгерім Қалдарбекова куә. Ол 2 ай бұрын жүктілігінің 6 айында қан қысымы көтеріліп ауруханаға түскен. Сол кезде босануға тура келіпті. 890 грамм болып туған ұлы қазір салмақ жиып, күні ертең ауруханадан шықпақ. 

Әйгерім Қалдарбекова:

- Дәрігерлер демалуға үйретті. Себебі шала туғандықтан оған қиындау болды. Бәрін үйреткен дәрігерлердің арқасы. Сондықтан үлкен алғысымды білдіремін. 

Былтыр мамыр айында кезекшілікте жүрген Нұрғиса Төленнің экипажына да осылай шақырту түсті. Сағат 01:00 шамасында көпқабатты үйдің газ құбырынан ақау шығып, пәтер өртенген. Оқиға орныны жедел жеткен полицейлер жалыннан 5 бала мен анасын алып шығып, тұрғындарды эвакуациялады. 

Нұрғиса Төлен, қалалық ПБ Патрульдік полиция баталионының взвод командирі:  

- Үйге кірген кезде анасы жүгіріп, балаларын сыртқа шығарып, әрекет жасап жатыр екен. 5 бала. Пәтерге өзімізбен өрт сөндіру құралын алып кіргенбіз. Сонымен кіріп, өрт сөндірушілер келгенше асханадағы өртті ауыздықтадық. Жарылыс болады деген ой болған жоқ. Басты мақсат халықты, елді құтқару болды.

Ал бұл бейнеде ауруханаға асыққан ауыл тұрғынына құқық қорғаушылар жол көрсетуде. Сағат 05:00 шамасында Мира Байғұлованың жүрегі сыр берген. Сонда ұлы жедел жәрдемді күтпей жеке көлігімен Гродеково ауылынан Тараз қаласына шығады. Бірақ кардиологиялық арухананың қайда орналасқанын білмей сабылған. Сол сәтте полиция көлігі кездесіп, жол көрсетіп жедел ауруханаға жеткізді.

Мира Байғұлова, Гродекова ауылының тұрғыны:  

- Полиция қызметкерлері алдына салып алып, бізге жол көрсетті. 5 минутта Кардиологиялық ауруханаға барып, сол күні операция жасап, аман қалдым.

Жалпы былтыр Полиция департаментіне тұрғындардан 300-ге жуық алғыс келіп түскен. Тараздықтар да айтулы мерекеге орай жақындарына алғысын білдіруде.

Елімізде Алғыс айту күні 2016 жылдан бері аталып өтеді. Қандай қызметкер болса да алғысқа жұмыс істемейтіні белгелі. Бірақ ризашылық білдіру – адамды қолдаумен, шабыт берумен тең.