Астанада «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтары қойылды

Елордада алғыс айту күніне орай «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды 24kz.

Шарада мерекенің дәстүр мен тарихқа көрсетілген құрмет екендігі, достық, адамгершілік, өзара көмек сияқты құндылықтарды дәріптейтіні де айтылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері де монументке гүл шоқтарын қойып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгін гүл шоқтарын қойып, қазақ еліне өз алғыстарын жаудырып жатыр. Мен ойлаймын, бұл дұрыс нәрсе, алғыс айтудан ешкім кенде болмау керек. Кез келген адамның өмірінде алғыс айтатын өзінің адамы бар. Бүгін осындай топтасқан мерекелер күнінде ассамблеяның осы шарасына біз де қатысып отырмыз.

Шерзод Пулатов, Астана қаласы Өзбек этномәдени орталығының төрағасы:

- Біз егер алғыс білдіріп, бір-бірімізге рақмет айтсақ, сыйластығымыз күшейеді, отансүйгіштік күшейеді, бұл арқылы біз жастарға үлгі болып, арадағы сыйластықты көрсете аламыз.