Арна тілшілері «Қазгидромет» мамандарына алғыс айтып қайтты

Әлемде қызметі ыждағаттылық пен дәлдікті әрі жауапкершілікті талап ететін мамандық иелері көп. Солардың бірі – синоптик пен метеорологтар.

Алғыс айту күніне орай арна тілшілері табиғи апат туралы қоғамды уақытылы хабардар етіп жүрген осы бір маңызды мамандарға алғыс айтып қайтқан еді.

Астаналық Тәуке Қозыкенің «Қазгидрометте» жұмыс істеп жүргеніне 5 жылға жуықтады. Қазір ол Метеорология департаментінің жетекші инженері. Қыстыгүні алыс жолға шыққалы тұрған жолаушыларға келер күннің ауа райын болжап беру – оның басты міндеті. Бұдан бөлек те, оның жұмысы ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс, туризм секілді салаларға да керек. Қолайсыз күн райы туралы ескерту арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қорғап, іс-қимылды оңтайландырады. Сондықтан да қызметі терең талдауды қажет етеді.

Тәуке Қозыке, «Қазгидромет» РМК Метеорология департаментінің жетекші инженері:

- Желдің жүрісі, бағыттары бар. Осының бәрін ескеру қажет. Одан бөлек, климаттық зерттеулерге де осы метеоақпараттың маңызы жоғары. Сосын қазір тағы бір құбылыс байқалып отыр, метеотәуелді адамдар дейміз. Өзінің денесі, тұла бойының ерекшеліктеріне байланысты метеорологиялық құбылысқа тәуелділіктері бар. Осыған байланысты бұл кісілерге де нақты ақпаратты беріп отыру маңызды болып табылады.

Ауа райын болжау – бір ғана метеорологпен шектелмейді. Саладағы техник-бақылаушы мен синоптиктердің де қауырт қызметін атап өткен жөн. Халық үшін бір маман болып көрінгенімен, қызметтері сәл өзгеше. Мәселен Тәуке елдегі 300-ден астам метеорологиялық станцияны қажетті құралдармен жабдықтап, байланысты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ департаментке түскен барлық ақпаратқа сараптама жасайды. Алғашқы болжамдарды жасап, оны синоптиктердің қарауына жібереді.

Тәуке Қозыке, «ҚазгидромеТ» РМК Метеорология департаментінің жетекші инженері:

- Нақты айтып кетсек, мына жасылдар жауын-шашын алқаптарын көрсететін осындай интерактивті карта. Ал әрі қарай назар салсақ, жаңағы айтқандай метеостанциялар екіге бөлінеді: дәстүрлі және автоматты станциялар. Бұл бізде автоматты метеостанциясынан Астана қаласында орналасқан Байтерек деп аталады. Содан түскен ақпараттар. Бұл жерде дисплей, ең бірінші мынау желдің жылдамдығы мен бағыты. Одан кейін ауа температурасы, ылғалдылық және атмосфералық қысымды көрсетеді.

Жалпы ел бойынша «Қазгидрометтің» Астана орталық аппаратын қоса алғанда 16 филиалы бар. Бүгінде республикада 80-нен астам синоптик пен 90-ға жуық метеоролог маман қажырлы еңбек етеді. Әлбетте, олардың құбылмалы күн райы мен табиғи апаттардың қаупі төнгенде берген ақпараты дұрыс шешім қабылдауда маңызы зор.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мерей Талап