Батысқазақстандық бір топ жас белсенді ардагерлерге алғыс айтты
Батысқазақстандық бір топ жас белсенді Алғыс айту күні қарсаңында соғыс және тыл ардагерлерінің үйіне барып, жас ұрпақтың атынан ризашылықтарын жеткізді.
Отан үшін от кешкен, қан майданда жеңісті жақындатқан ардагерлер қандай құрметке де лайық.
Орал өңірінен қан майданға 76 мың азамат аттанса, соның 36 мыңына туған жердің топырағы бұйырмапты. Елге есен оралған майдангерлердің 9-ы ғана биылғы Жеңістің 80-ші көктеміне аман жетіп отыр. Солардың бірі Скаленко Вениамин Пантелеевич 17 жасында өз еркімен соғысқа сұранып, Польша, Бельгия, Австрия, Чехословакия елдерін азат етуге қатысқан. Ерлігі елеусіз қалмай, түрлі медальдармен марапатталған. «Былтыр күзде 100-ге толған қарт сарбаз ең қымбаты – елдегі тыныштық пен тұрақтылық», - дейді.
Вениамин Скаленко, соғыс ардагері:
- Ғасыр жасау әрине, оңай емес. Бірақ соған қарамастан көңіл-күйім, өзімді сезінуім өте жақсы. Менің жастарға айтарым денсаулықтарыңа мән беріңдер, достықты нығайтыңдар, Отанымыздың патриоты болыңдар! Бейбітшілікті бағалаңдар! Жақсы өмір сүріңдер! Біздің қатарластарымыз сіздер нашар өмір сүруі үшін жандарын пида қылған жоқ.
Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі мен ғибратты ғұмыры әркез өскелең ұрпаққа өнеге. Алғыс айту күні қарсаңында бір топ жас ардагерлердің үйіне барып, ризашылығын жеткізді.
Ерлік Шамғалиев, жастар қоғамдық бірлестігінің өкілі:
- Біздің бейбіт күніміздің, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырғанымыз үшін, қазіргі баянды ғұмырларымыз үшін соғыс ардагерлерінің жалпы қазақ еліне жасаған еңбегі зор. Жастарға ардагерлеріміздің өмірлерін, олардың жүріп өткен еңбектерін кеңінен насихаттау, сондықтан осындай шараларды көптеп ұйымдастырып келеміз.
Еріктілер ардагерлерге тек алғыс айту күнінде ғана емес, «Таза Қазақстан», «Ардагерлерді ардақтайық» акциялары аясында да жиі келеді. Тыл ардагерлерін де ұмытқан емес.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап, Эльдар Аюпов