БҚО-да туризм саласында 14 жоба жүзеге асады

Батыс Қазақстан облысынның туризм саласында алдағы 3 жылда 14 жоба жүзеге асады.

Өңір үшін маңызды жобалардың құны 25 млрд теңге.  Соңғы 5 жылда облыстағы туристік орындарға келушілер саны 75 процентке артқан.  Президенттің табиғи орындарды инфрақұрылыммен қамтып, туризмді экономикалық өсімнің жаңа нүктесіне айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, салада өзекті мәселелер де аз емес.

Теректі ауданы Подстепное ауылындағы мына туристік база отбасымен демалушыларға арналған. Былтыр үлкен хауыз, қонақ үй, ресторан, жағажай салынса, биыл монша, ипподром, атқора тұрғызу жоспарланған. Осының бәріне жеке кәсіпкер 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсапты.

Алмас Качиев, туристік базаның басшысы:

- Осындай туристік база бұрын өңірде болған жоқ. Біздің облыстың тұрғындары көрші Ресей қалаларына, іргелес облыстарға барып демалатын. Енді осы жерде жанұясымен тыныға алады. Ұжым болып тимбилдингке де шығуға болады.  Іргедегі Жайық өзенінің пейзажы да әдемі.

Туризмді дамытуға  мемлекеттен қолдау бар. 2022 жылдан бастап туристік нысандардың құрылысына кеткен қаржының 10 пайызы субсидияланады, жол бойындағы  санитарлық тораптарға айына 83 мың теңге төленеді. Кәсіпкерлерге көрсетілетін өзге де көмек аз емес. Соның нәтижесінде   соңғы 5 жылда өңірге келушілер 75% артқан. Ал былтырғы жылдың  9 айында 133 мың турист келген.

Ернұр Қайырғалиев, БҚО кәсіпкерлік басқармасының бас маманы:

- 9 мың адам шетелдік. Қалғаны Қазақстан азаматтары. Облыста  96 бірлік орналастыру орындары бар. Олар деген жалпы  3 тоқсан қорытындысы бойынша 3,6 млрд теңгенің қызметін жасады. Ағымдағы жылы жоспар бойынша облысқа келетін туристер санын 170 мыңға жеткізу жоспарланған. 

Дегенмен, туризмді дамытуда әлі де ескерілмей жатқан жайттар баршылық. Туристік маршруттар жасақтап, өңір тарихын таныстырып жүрген кәсіпкер Айболат Құрымбаев облысқа ақпараттық орталық жетіспейді деп санайды.

Айболат Құрымбаев, кәсіпкер:

- 3 батыс қазақстандық облыс: Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан қалып барамыз. Себебі бәрінде туристік ақпарат  беру орталықтары ашылған. Бюджеттері 100 млн астам. Бізде қазіргі таңда өкінішке қарай ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Себебі қаржы мәселесі тапшылық болып тұр. Кәсіпкерлік басқармасының туризм бөліміне қарайтын болсақ, олардың бюджеті 16 млн. 16 млнмен ешқандай жұмыс жасалмайды. Екіншіден жыл сайын болатын проблема ол вагон жетіспеуі. Яғни каникул уақытында, жазғытұрым Орал қаласынан бару не келу өте қиын. Себебі билет жоқ.

Былтыр облыстың туризм саласына 17 млрд теңге инвестиция тартылып, 70 жаңа жұмыс орны құрылса, таяу 3 жылда жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 14 жобаны іске асыру көзделген.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов