Шымкентте 37 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтарылды
Шымкентте «Жастар» бағдарламасы аясында жалға берілген 37 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтарылды.
Себебі бұл баспаналардың иелері оларды заңсыз жалға беріп, табыс көзіне айналдырғаны анықталды. Тексеру нәтижесінде аталған пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілді. Аймақта бағдарлама аясында барлығы 2949 адам сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспанамен қамтылған. Биыл 904 тұрғынның келісімшарт мерзімі аяқталып, олар пәтерлерін босатуға тиіс. Алайда кейбірі бұл баспананы жекешелендіруге мүмкіндік беруді сұрауда. Сала мамандарының пікірінше, бағдарламаға қатысқан жастардың көпшілігі қаржы жинақтап, жеке тұрғын үй сатып алуға төлем қабілетін растаған. Қазіргі таңда жастарға жалға берілген пәтерлерді жекешелендіру мәселесі қаралып жатыр.
Жұлдызай Ордабекова, қалалық тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы:
- Талдау жүргізілді. Жалпы биылғы мерзімі келіп тұрған 904 азаматтың 27,9 % қаржы жинақтамағаны байқалды. Қалған азаматтар қаржы жинақтауды әртүрлі көлемде жүргізген. 421 азамат төлем қабілеттілігін растау жұмыстарынан өтіп отыр.