ШҚО-да 15 дәрігерге 8,5 млн теңгеден көтермеақы төленді
Шығыс Қазақстан облысындағы моноқалалар мен ауылдарда дәрігерлерге пәтер сатып алынады. Жергілікті билік осылайша медицина саласындағы кадр тапшылығын азайтуды көздеп отыр. Қазір өңірде 150-ден астам маман жетіспейді.
Мысалы, Шемонаиха ауданында медицина қызметкерлері науқастардың көптігінен бірнеше ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Кейбір дәрігерлер тіпті облыс орталығынан келіп қабылдау жүргізеді. Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін тұрғын үймен қамтамасыз ету сияқты ынталандыру шараларын қолға алуда.
Бұл Шемонаиха қаласының орталық ауруханасы. Бүкіл ауданға қызмет көрсететін жалғыз емхана да осында орналасқан. Жергілікті тұрғындар ұзын-сонар кезектен көз ашпайды. Өйткені, дәрігер қат. Мысалы, бір маманға 40 мың адам тіркелген. Сондықтан көлігі барлар облыс орталығына барып қаралады.
Зухра Керейбаева, Шемонаиха қаласының тұрғыны:
- Бізге дәрігерлер жетіспейді мына жерде. Біз шағын ауданнан осы ауруханаға келіп қараламыз. Бізге өте қиын. Кезек үлкен. Бір ай бұрын жазыламыз.
Ауылды жерлерде дәрігерлерді құшақ жая қарсы алады. Мысалы, Александр Строкань еңбек жолын елді мекеннен бастап қазір диагностикалық емхананың меңгерушісіне дейін көтерілді. Оған қызметтік үй де берілді.
Александр Строкань, диагностикалық емхананың меңгерушісі:
- Шемонаиха ауданына келіп жұмыс істеуіме қызметтік үйдің берілуі себеп болды. Сондықтан әйелім екеуміз бірден келістік. Оның үстіне ол осы ауданның тумасы.
Баспаналы болғандардың бірі - Езерке Қалдыбек. Астанадан келген жас маман қазір аудандық ауруханада жұмыс істеп, қызметтік үй алды.
Езерке Қалдыбек, аудандық аурухананың дәрігері:
- Жас отбасы болғандықтан біз үшін үй беру өте жақсы болды. Себебі біз жас отбасымыз. Соған байланысты жеке басымызда баспана болмады. Қаңтар айында маған қызметтік үй, квартира берілді.
Өңірде 150 дәрігер жетіспейді. Денсаулық сақтау басқармасы жас мамандарды баспанамен қамтып қана қоймай, шетелдік клиникаларда тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасайды.
Айнаш Қапанова, Денсаулық сақтау басқармасының башысы:
- Мамандар емдеу мекемелерінің есебінен оқытылады. Былтыр Шығыс Қазақстан облысына 15 дәрігер келді. Оларға 8,5 млн. теңгеден көтермеақы төленді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр еліміздегі шалғай ауылдарға 4 мыңнан аса жас маман аттанды. Осылайша, медициналық кадр тапшылығы 19 пайызға төмендеген.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин