Қонаев тұрғыны мемлекеттік грант ұтып, ерекше балаларға арналған орталық ашты
Қонаев қаласының тұрғыны 1,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алып, ерекше балаларды емдеуге арналған орталық ашты, деп хабарлайды 24kz.
Орталыққа қазір отыз шақты бала барып жүр. Олардың жартысына тегін қызмет көрсетіледі.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Айжан Абраимованың негізгі мамандығы – әскери психолог. Ол зейнетке шыққан соң аутизмге шалдыққан бүлдіршіндерге қолдау көрсетуді ұйғарады. Өйткені өзі де ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отыр. Былтыр қыркүйек айында қаладағы шағын аудандардың бірінен үш бөлмелі пәтер сатып алып, орталық ашты.
Айжан Абраимова, орталық директоры:
- Мансап орталығынан ұтып алған 1,5 млн теңге грантқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бұл бізге мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау болды. Мүгедектігі бар үш жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын.
Орталықта емдік массаж, арнайы жаттығу, нейропсихолог пен логопедтің көмегі көрсетіледі. 12 бала тегін келсе, мүгедектігі бар 15 балаға күніне 5600 теңгеден ақы төленеді.
Қарлығаш Аманғалиева, логопед-дефектолог:
- Кейбір балалар дыбыстарды шығарып келе жатыр «мама», «папа» деген сияқты. Ата-ананың ризашылығы сол нәтиже деп ойлаймын мен.
Эльмира Қалиасқарова, қала тұрғыны:
- Немерем өзі тоғызда. Не әріп танымайды, не жаза алмайды. Осы жерге келгелі кішкене өзгеріс бар. Кішкене түсініктері қалыптаса бастады. Айжан ханымға рахмет көп-көп! Бізді алға қарай сүйреп, сол кісімен жетістіктерге жетіп жатырмыз.
Айжанның ендігі арманы – Қонаев қаласынан аутизмге шалдыққан балаларды емдеуге арналған үлкен орталық ашу. Ол үшін аумағы 400 шаршы метрлік ғимаратты жалға алып, жөндей бастады. «Наурыз мейрамын сол жерде қарсы алуды жоспарлап отырмыз. Өйткені бізге тағы 40 шақты баланың ата-анасынан орталыққа қабылдау туралы өтініш түсті», - дейді ол.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов