Елде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды

Елде көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің пунктінен Шығыс Қазақстан облысындағы Шекара қызметінің әскери бөлімшесіне алғашқы 25 азамат жіберілді. Алдағы уақытта тағы мыңнан астам адамды әскерге аттандыру жоспарланып отыр. Борышты өтеу барысында белгіленген уақыт ішінде азаматтарға несиелері мен қарыздары бойынша төлемдерін кейінге қалдыру жеңілдіктері қарастырылады. Бұдан бөлек, арнайы бағдарлама бойынша жауынгерлік жарыстың жеңімпаздарына Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырусыз еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант негізінде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі.

Мейрам Елшібаев, Астана қаласы әкімінің әскери қорғаныс және қауіпсіздік бойынша орынбасары:

- Қазірдің өзінде Астана қаласынан Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Шекара қызметінің әскери бөлімшесіне алғашқы 25 азамат аттанды. Оларды медициналық және арнайы тексерулерден өткіздік. Мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны маусымның соңына дейін жалғасады.