Таразда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар жаңа мамандықты меңгереді

Таразда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар жұмысшы мамандығына оқып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Сондай-ақ әскерге шақырылғанға дейін алған мамандығы бойынша білімін жалғастыруға болады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында кадр даярлау бойынша арнайы бағдарлама бар.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жөндеу-қалпына келтіру бөлімшесін жедел-техникалық жәрдем беру бекеті деуге болады. Мұндағы мамандар көліктердің техникалық дайындығына жауапты. Механиктер қозғалтқыштан бөлек, істен шыққан бөлшектерді жөндейді, майын ауыстырып, сүзгісін тазартады. Мерзімді қызметте жүрген сарбаздар жаңа кәсіпті игеріп жатыр. Солардың бірі Нұржан Темірболаттың мамандығы ағаш ұстасы. Бозбала әскери қызметте жүріп механик кәсібіне игеруде.

Нұржан Темірболат, мерзімді қызмет сарбазы:

- Маған көп заттар үйретіп жатыр осы әскери бөлімде. Өзімнің де ынтам көп осы заттарды үйренуге. Мен өзім Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласынанмын. Қазір осы әскери бөлімде қызметімді өткеріп жатырмын.

Сарбаздар жаңа мамандықты игерумен қатар өз кәсібі бойынша білімін жетілдіре алады. Дәнекерлеуші Алексей Тюков колледжді бітіре сала әскерге аттаныпты. Алған білімін енді тәжірибе жүзінде шыңдап жатыр.

Алексей Тюков, мерзімді қызмет сарбазы:

- Колледжде теория жағы жеткіліксіздеу болған сияқты. Мұнда іс жүзінде мен электродты металдың жанында сәл ұзағырақ ұстау керек екенін түсіндім. Сонда жұмыс сапалы болады. Тігіс үлгісі металдың қалыңдығына байланысты. Айталық, егер металл қалың болса, онда біз үздіксіз дәнекерлей аламыз. Тігіс те әдемі түседі.

Серік Кәрімбаев, Жөндеу-қалпына келтіру батальонының аға шебері:

- Практикалық жұмыстарға көп салып және одан шеберлікті ары қарай жоғарылата беру үшін және жас сарбаздарымызға көбінесе айтатынымыз жаңа технологияларға ұмтылуға ұсынамыз көбінесе. Өйткені темірдің жаңа біз қолданыста қолданылып жатқан көп темірлердің алюминий, темір, қара темір бронды танктердің темірлері басқашалау болғанына байланысты

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкінде әскери қызметті кәсіптік даярлықпен ұштастыру бағдарламасы бар.   Сарбаздар  5   мамандық бойынша білім алады.

Рауан Шәкіров, 01731 әскери бөлімінің командирі:

- Сарбаздар бір жыл бойы  дәнекерлеуші, бояушы, ағаш ұстасы, мыс-қалайы жасаушы мамандығы бойынша тәжірибеден өтеді. Аптасына екі рет теориялық сабақтар жүргіземіз. Үш күнді өндірістік тәжірибеге арнаймыз. Мұнда келген сарбаздар  белгілі бір қызметті атқарады.

Осылайша, сарбаздар әскер қатарында жүріп жұмысшы кәсібін игеріп, бәсекеге қабілетті маман болып шығады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан, Эльдар Байділда