Алматыда полицейлер көпбалалы әріптесін құттықтады
Алматы облысының Қарасай аудандық Полиция басқармасында ер азаматтармен бірге көпбалалы аналар да қызмет етеді.
Соның бірі – Әйгерім Османова. Бес баланың анасы 16 жылдан бері ювеналды полицияда еңбек етіп келеді. «Жасөспірімдермен жұмыс істеуді үлкен бақытқа балаймын. Себебі балалар біздің болашағымыз», – дейді ол.
Әйгерім Османова үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана. Балаларының алды жоғары сыныпта оқиды. Екеуі балабақшаға барады. Әйгерім 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетін бітірген. Қарасай ауданының ювеналды полиция тобында 2009 жылдан бері қызмет етеді.
Әйгерім Османова, Қарасай АПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының аға инспекторы:
- Көбінесе біздің жұмысымыздың мәні де, мағынасы да, міндеті де кәмелет жасына толмағандар болып табылады. Ең бірінші әріптестерімді келе жатқан Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрқашан аналарымыз аман болсын! Қыздарымыз аман болсын! Апаларымыз аман болсын деймін! Еліміз, жұртымыз тыныш болса, біз де аманбыз, ел де аман, балалар да аман деп ойлаймын.
Әріптестері Әйгерімді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, гүл шоғын ұсынды. Қарасай аудандық жергілікті полиция басқармасының бастығы Ерлан Бекебаев қарамағындағы қызметкерінің еңбегін жоғары бағалайтынын айтты. Өзі де көпбалалы әке.
Ерлан Бекебаев, Қарасай АПБ ЖПҚБ бастығы:
- Ол бес баланың анасымын немесе тағы да басқа деп жұмысқа кедергі жасамайды. Жұмысына да, үй шаруасына да үлгереді. Жұмыс үлгерімі жақсы. Осы жергілікті полиция қызметінің озат қызметкерлерінің бірі. Сондықтан біз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен барлық нәзік жандыларды шын жүректен құттықтаймыз!
«Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында ювеналды полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Біздің міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қадағалап, қиындыққа тап болған балалардың құқын қорғау. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге әрқашан қолдау көрсетуге әзірміз», – дейді Әйгерім Османова.