Сенатор: Санитарлық бақылау органдарын қадағалау қажет
Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында заңсыздық көп. Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында осылай деді.
Депутаттың айтуынша, сала мамандары кәсіпкерлікке кедергі жасап, заңсыздыққа барған. Бұл бизнес өкілдерінің мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіреді. Мәселен сот актілерін талдау барысында бақылау комитетінің лауазымды тұлғалары тарапынан заң бұзу деректері анықталған. Яғни, тексерулер мен нұсқамаларды заңсыз берген. «Сондықтан бизнеске қысым жасамас үшін жергілікті тексеруші органдардың жұмысын қатаң бақылау қажет», - деді.
Андрей Лукин, ҚР парламенті Сенатының депутаты:
- Анықталған заң бұзу деректерін қарап, оларды жою жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылады. Бизнеске заңсыз араласу жағдайларын болдырмау, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін заңсыз нұсқамаларды шығаруды тоқтату керек.