Ақмола облысында жолшыларға сұраныс жоғары
Ақмола облысында жол тазалауға 700-ден астам адам тартылған. Олар қысы-жазы тыным таппайды.
Боранды күндері тәулік бойы жұмыс істейді. Жолдағы қарды күреп, мұзға құм төсейді.
Мұрат Иманахметовтың күнделікті жұмысы осылай басталады. Ол алдымен техникасын тексереді. Қажет жерін майлап, жұмысқа сайлап қояды. Содан кейін ғана жол тазалауға шығады. Ол осы салада 35 жыл еңбек етеді. Сондықтан қауырт қызметке әбден еті үйреніп кеткен.
Мұрат Иманахметов, көлік жүргізуші:
- Жолда жұмыс істеу оңай емес. Боран болса күні-түні демалыссыз жұмыс істейміз. Көктайғақ болса да солай. Үнемі байланыста отырамыз. Күн демейміз, түн демейміз еңбек етеміз. Соның бәрі жолға шығатын жолаушылардың жолдары таза болсын, жолда қалмасын деп. Үлкен көліктермен жүреді, олар да кешігіп қалмасын деп жолды ашып, тазалап отырамыз.
Жолдың тазалығы – қауіпсіздік кепілі. Осы ретте жолшыларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені дауылды күндері жолға шығып, ескертуді елемейтіндер көп. Ондай жолаушылар тек өздеріне ғана емес, жолшылардың да қызметіне кедергі келтіріп, өміріне қауіп төндіреді.
Мұрат Иманахметов, көлік жүргізуші:
- Кейбір жүргізушілер біз қар тазалап келе жатқанда жол бермейді. Сол кезде асығып келе жатқанға қарамастан, басып озып алға шығып кететіндер де болады. Жалпы облыс аумағынан 2 мың шақырымнан астам республикалық және 5,5 мың шақырымға жуық облыстық маңыздағы күре жол өтеді. Ал оның тазалығына 14 жол пайдалану учаскесі жауапты. Биыл тек республикалық маңыздағы тас жолдардың өзіне 300-ге жуық техника қызмет көрсетеді.
Дәулет Кереев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы бөлімінің бас маманы:
- Әр қызметшінің еңбегі өте маңызды. Республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау оңай емес. Сондықтан облыстың қызметкерлері техникаларын барын салып, автомобиль жолдарын таза ұстауға атсалысып жұмыс істейді. Қызметкерлердің көбі біраз жыл қызмет атқарады. Өз саласының хас шебері деп айтуға болады.
Қазір аймақта жолшыларға сұраныс артып келеді. Өйткені қазіргі қызметкерлердің көбі зейнет жасына таяған. Сондықтан сала мамандары «Жұмысшы мамандықтар» жылы қарсаңында кадр тапшылығын шешіп, жас мамандарды тартуды көздеп отыр.