Маңғыстау халқы Көрісу күнін сән-салтанатымен қарсы алды
Бүгін – Амал мерекесі. Көрісу күнін маңғаз Маңғыстау сән-салтанатымен қарсы алды, деп хабарлайды 24kz.
Отпан таудың басында «Бірлік оты» жағылды.
Тау етегіндегі «Қарашаңырақ» алаңына жағалай ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Сөйтіп, Қаратаудың биік шоқысындағы «Адай ата – Отпан тау» кешенінде мәдени-танымдық шара өтті.
Алыс-жақыннан келген ағайын құшақ жая көрісті. «Бір жасыңмен», «Жыл жақсылығымен келсін», деп бір-біріне ақ тілегін арнаған жұртшылық Наурыз көжеден дәм татты.
Талғат Исламұлы, тілші
- Маңғыстаулықтар биыл да игі дәстүрінен жаңылмай «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне жиналды. Алтын түстес күмбездері алыстан менмұндалап көрінетін кешен Ақтаудан 150 шақырым жерде, Маңғыстау ауданы Тұщыбек ауылының іргесінде орналасқан. Кешелі бері «Қарашаңырақ» алаңының айналасына сексенге жуық киіз үй тігілді. Бұл, Амал мерекесі – Көрісу күнін тойлауға келетін адам саны аз еместігін аңғартады.
Былтыр Отпан тауға 10 мыңнан астам адам келсе, биыл көрермен саны 15 мыңға жуықтайды. Олар теңіз деңгейінен 532 метр биіктегі «Адай ата» кесенесіне 362 басқышпен көтеріліп, бабалар рухына құран бағыштады. Амал мейрамын тойлауға жиылған көпшілікке әдеттегідей Наурыз көже таратылды. Маңғыстаулық өнерпаздар дәстүрлі шараның көрігін қыздырды.
Набат Түрікпенбаева, Маңғыстау ауданының тұрғыны:
- «Бір жастарымен» құттықтағым келеді барша халықты. Бұл енді Амал мерекесі мұсылман халқының, оның ішінде қазақ халқының төс қағыстырып, қол алысып, бір-бірінің босағасынан аттап бір-біріне жақсы тілек айтатын үлкен мерекесі. Бүкіл қазақ халқы қуанып, жаңа жасыңмен, жаңа жылыңмен деп күтеді осы мерекені.
Айдос Ақжанов, ұйымдастыру алқасының төрағасы:
- Екі күннен бері осыған дайындалдық. Спорттық және үлкен бәйге мерекелеріміз бар. Ән-шашуымыз бар, жырларымыз бар. Ақсақалдарға үлкен астарымыз бар беріліп жатқан. Сондықтан барлық қонақтардың көңілінен шығамыз деген ойдамыз. Алғашқы рет келіп жатқан қонақтарымыз бар. Кеше ғана Сербиядан келген қонақтарды көрдік. Оның алдында Франциядан келген қонақтарды көрдік.
Бір қуантарлығы, Амал мейрамы жыл асқан сайын халықаралық сипатқа ие болып келеді. Мерекелік сахнада Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген өнерпаздар дәстүрлі әндерді шырқап, көрермен қошаметіне бөленді.
Йелмас Демирташ, дәстүрлі әнші (Түркия):
- Маңғыстаулықтарға, барша қазақ халқы үшін ерекше мейрам – Амал мерекесіне арнайы қонақ ретінде қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бауырлас елдің қонақжайлығы әлемге аян. Ұлттық нақыштағы киім киген көпшіліктің бір-бірімен қол алысып, құшақтасып көрісуінің өзінде үлкен мағына жатыр. Ылайым, қазақ-түркі мемлекетінің достық қатынасы мәңгілік болсын.
Кешқұрым «Бірлік» оты жағылды. Бұл – шалғай өңірде ежелден келе жатқан дәстүр. Бүгінде бұл рәсім еліміздегі бірлікті әлемге дәріптейді. Осылайша, тау басында төс қағыстыра көріскен халық: «Амалдан амалға аман-есен жете берейік» деген ақ тілегін арнап, тарқасты.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев