Шымкенттік студенттер жылжымалы «Киіз үй» жобасын жүзеге асырмақ
Шымкенттік жас өнертапқыштар қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған киіз үйдің өндірістік үлгісін жасап шығарды, деп хабарлайды 24kz.
Заманауи қазақы үйді саяхаттау мен төтенше жағдайлар кезінде кез келген автокөлік тіркемесіне құрастырып, жылдам тасымалдауға болады. Жоба жетекшілері алдағы уақытта үйді толық құрастырып, экстремалды жағдайда сынақтан өткізіп көрмек.
Модульді киіз үй жобасын Назар Қожахметов пен Бақдәулет Орынбасаров сәтті қорғады. Олар салмағы көп тартпайтын, автокөлік тіркемесіне жинақтауға болатын баспананың ерекше үлгісін жасады. Айтуларынша, 14 шаршы метр болатын жеңіл конструкциялы үйді 2 адам аз уақытта оңай құрастыра алады.
Назар Қожахметов, студент:
- Бізде бұл толығымен жиналған кезде диаметрі 4 метр болады. Ал жинақталса, 2 метр болады. Ол толығымен ашылған кезде ішінде комфортты өмір сүру үшін 3-4 адамға дейін сияды. Ал, егер экстремалды жағдай кезінде ішіндегі энергиясы 8 адамды қамтамасыз етуге жетеді.
Жылжымалы киіз үйде адамның ыңғайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылады. Жылу, жарық күн панелінен өндіріліп, ауыз су аудағы ылғалды конденсациялау арқылы алынады. «Осылайша, тіркеме астындағы бөшкеге сағатына 1,5 литр су жинақтауға болады», - дейді. Ал күн көзін бұлт жапса электр энергиясы жел екпінінен өндіріледі.
Бақдәулет Орынбасаров, студент:
- Күн панелі арқылы біз жарық ала аламыз. Оны аккумуляторға жинақтаймыз энергиясын. Альтернативті вариант ретінде мен желдеткішті ала аламын. Желдеткіш арқылы күн жоқ кезде немесе жел қатты болған кезде альтернативті нұсқамыз жақсы жұмыс істейді.
Жоғары оқу ордасында соңғы 4 жылда осындай 13 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Студенттердің ізденісі көбіне педагогикалық, робототехника және СТЕМ технологиясына бағытталған. Оған мемлекет тарапынан 425 миллион теңге грант бөлінген. Ал биыл тағы 37 ғылыми жоба арнайы комиссияның қарауына ұсынылды.
Гүлжан Сүгірбаева, университет ректорының м.а.:
- Биыл мысалы 2 жас ғалым екі жобаны ұтып алды «Жас ғалымдар» конкурсында. Оның жалпы сомасы 60 миллион теңгені құрайды. Стартап жобаларды ертеңгі күні коммерцияландыруға мүмкіндігіміз бар.
Студенттер жылжымалы киіз үй жобасын әлі де жетілдіру үстінде. Өндірістік үлгінің прототипі құрастырылған соң экстрималды жағдайда сынақтан өткізілмек.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов