Атырау облысы Қызылқоға ауданында 11 әлеуметтік нысан салынып жатыр
Биыл Қарабау ауылында 300 орындық мәдениет үйі мен спорт кешенінің құрылысы аяқталуы тиіс.
Жалпы ауылдық елді мекендерді дамыту бағдарламасы аясында 2025 жылы шамамен 9 миллиард теңге қарастырылған. Ауданда 7 спорт кешенін салу және ауыл жолдарын жөндеуге арналған 9 жоба әзірленіп, қаржыландыру көздері анықталды.
Бұл Қарабау ауылында соңғы 40 жылда бой көтеріп келе жатқан алғашқы әлеуметтік нысан. Спорт кешенінің құрылысы 2023 жылы басталған. Өткен жылы тасқын су салдарынан жұмыстар уақытша баяулаған еді. Дегенмен, құрылысшылар нысанды белгіленген мерзімде тапсыруды жоспарлап отыр.
Марат Мутаев, мердігер мекеменің өкілі:
- Бұл ФОК та волейбол, баскетбол, күрес, тренажерный зал, бокс Жалпы жұмыстарымыз 99 процент бітті деп айтуға болады. Қазір тренажерныйлар мен мебельдерді қойсақ, алла бұйырса, бітіреміз апрельге дейін.
280-нен астам отбасы тұратын Қызылқоға ауылдық округінің құрамына 2 ауыл кіреді. Ауылда былтыр басталған мәдениет үйінің қабырғасы көтеріліп қалған. Құрылысшылар күн жылына жұмысты жалғастырмақ. Сондай-ақ, биыл 120 орындық бастауыш мектеп салынуы тиіс.
Сәрсенбай Қойшыбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Игілікті жұмыстар жақсы жүріп жатыр. Мәдениет үйі салынып жатыр. Спорт сарайы бітуге жақын. Енді бізге қиын болып тұрғаны ауылымызда асфальт жоқ. Қар қалың ауылға қиын болып жатыр таңертең балдар мектепке барады омбылап, балабақшаға апарамыз деген сияқты.
Ауылдық округтегі құрылыс жұмыстарына жергілікті 25 адам тартылған. Сәуір айына қарай тағы 2 жоба басталады, дейді ауыл әкімі.
Зейнолла Шәліков, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі:
- 300 орындық мәдениет үйі халық иігілігне берілетін болады. Қарабау ауылында және бұған қосымша 5,8 шақырым ауылішілік жол, қазіргі таңда мердігері аудандық ЖКХ арқылы анықталып, сәуір-мамыр айларында құрылыс жұмыстары басталады. Кіреберіс жолына 1,1 км болатын кірме жолды жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.
Қызылқоға ауданы бойынша жалпы 11 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Биыл 7 спорт кешені мен 81 шақырым ауылішілік жолдарды қамтитын 9 жоба аяқталуы жоспарланған.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин