Қызылордада жылу электр орталығының құрылысы биыл аяқталады
Қызылордада салынып жатқан жылу электр орталығы биыл пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Құрылыстың 70%-і бітіп тұр. Мамандардың айтуынша, қазір бу-газ турбиналары орнатылып жатыр. Жоғары қысымды газ құбырын жүргізу жұмыстары да аяқталды. 80% тозығы жеткен ескі жылу электр орталығы 67 мегаватт электр өндірсе, жаңа станцияның қуаты 240 мегаватқа дейін жетеді.
Жалпы Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда елдің бірнеше өңірінде бу-газ құрылғысына негізделген электр станциясы салынатынын айтты.
Медет Усаин, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Қазақстан Республикасының оңтүстік аймақтарында электр энергияның тапшылығы бар. Соны жүйеге келтіруге өзінің үлкен үлесін қосады және Қызылорда облысын жалпы тұтыну көлемін 100%-ін қамтамасыз етеді және Қызылорда қаласының жылу энергиясына деген тапшылығын болдырмайды.