Талдықорғанда 1000-нан аса адамның қатысуымен керуен көші жүріп өтті
Жетісу облысының аумағымен кезінде Жібек жолының бір тармағы өткен. Бүгінгі мейрамда өңір тұрғындары сол өткен ғасырға сапар шеккендей болды, деп хабарлайды 24kz.
Наурызнаманың Ынтымақ күніне орай аудан-қалаларда бір мезетте керуен көші ұйымдастырылды. Айтулы шараның ең ауқымдысы Талдықорғанда өтті. Оған мыңнан аса адам қатысты. Олар аса таяғын ұстаған абыз, ақсақал, ақ кимешекті әже, сауыт-сайманын асынып, бес қаруын сайлаған батыр кейпінде шықты. Қыран баптаған құсбегілер, тұлпарынын тақымдаған атбегілер шеруге ерекше сән берсе, сал-серілер көше бойындағы көпшілікті ән мен жырға бөледі. Атқа жегілген арба, қомдалған түйе, осының барлығы тұрғындарға көшпенді өмірді көрсеткендей әсер қалдырды. Осылайша, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды.
Балжан Алмабек, қала тұрғыны:
- Керуен өте күшті күшті әсер етіп жатыр. Баламның бойына салт-дәстүрді сіңіру үшін, жақсы көріністерді көрсету үшін, қазақы көріністі көрсету үшін осылай баламды алып келдім отырмын.
Сағындық Жұмаділ, ҚР Мәдениет саласының үздігі:
- Бүгінгі көрсетіп жатқан салт-дәстүріміз осы мереке бүгінгі біздің жастарымыздың рухани жаңғыруына үлкен көмегін тигізеді. Өйткені әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білген ұрпақ мемлекет үшін қызмет етеді. Мемлекетшілдігін ұмытпайды.