Үржар жастары ұлттық ойындарды насихаттап жүр

Абай облысы Үржар ауданының жастары ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуде, деп хабарлайды 24kz.

Абай атындағы орта мектепте асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас, қанталапай сынды ұлттық ойындардан тұрақты түрде жарыстар өткізіледі. Мектеп ұжымы дәстүрлі ойындардың маңызын түсініп, оқушылардың асық атуға қызығушылығының артып келе жатқанын айтады. Ұстаздардың пікірінше, асық ойыны тек мәдени мұраны жаңғыртып қана қоймай, балалардың денсаулығына да оң әсер етеді. Абай мектебінің оқушылары бос уақытын телефонға телмірмей, ұлттық ойындармен өткізуді жөн көреді. Бұл бастама жас ұрпақтың ұлттық дәстүрлерге деген құрметін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етуде.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Абай атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Дінмұхаммедке асық атуды ұстазы үйреткен. Төрт жыл бұрын ұлттық ойынға қызығушылығы артып, бүгінге дейін 100-ге жуық асық жинаған. Қолы босағанда достарымен асық ойнағанды жақсы көреді. Оқушы көптеген аудандық, облыстық жарыстардан жүлдемен оралып жүр.

Дінмұхаммед Азаматұлы, оқушы:

- Біз облыс жүлдегері болғандықтан, қазір республикаға барғымыз келеді. Сондықтан дайындалып жатырмыз. Қазір асық ату, тоғызқұмалақ, бес асық деген ойындар өте қатты дамыған. Көптеген оқушылар осы үйірмелерге қатысады.

Абай мектебінің оқушылары үзіліс сайын ұлттық ойындарды ойнайды. Бірі асық атса, енді бірі тоғызқұмалаққа құмар. Мәселен Дильназ Базарбаева бес жылдан бері тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Айтуынша, бұл ойын адам санасын жетілдіріп, ақыл-ойын кемелдендіруге үлес қосады.

Дильназ Базарбаева, оқушы:

- Тоғызқұмалақты маған біздің мұғаліміміз Амангелді Өтешұлы үйретті. Тоғызқұмалақ логикалық ойлауды, математикалық есептеуді және стратегиялық жоспарлауды дамытады. Облыстықққа өтіп, республикада атақты атанғым келеді.

Серік Жексенбаев 30 жылға жуық Абай атындағы орта мектепте жұмыс істеп келеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бос уақытында жастарды ұлттық ойынға баулып, асық ату ойынын үйретеді. Тәжірибелі ұстаз: «Өткенді білу – болашаққа бағдар», - дейді. Сондықтан жылдар өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған ұлттық ойындарды әрі қарай дәріптеу маңызды деп санайды.

Серік Жексенбаев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- «Тағдырыңды танығысы келгендер тасқа басқан тарихыңмен таныссын» дегендей, бұл ұлттық ойындардың қай қайсысы да тарихын ертеден алады. Солардың қазір өте жақсы дамып, күнделікті өмірде қолданысқа еніп, жай ғана ойын түрінде емес спорт түрінде әлемдік деңгейде дами бастаған ойындар.

Абай мектебінің іргетасы 1967 жылы қаланған. Бүгінде мұнда 600-ге жуық бала білім алады. 70-тен астам ұстаз жұмыс істейді.

Тұрсынғазы Жұмағалиұлы, Абай атындағы мектеп директоры:

- Мектебімізде қазіргі уақытта біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында ата-аналарды педагогикалық психологиялық қолдау жұмысы ұйымдастырылған. Ата-аналармен бірлесе отырып, жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеудегі ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру мақсатындағы жұмыс жүргізілуде.

Ұстаздардың айтуынша, бүгінде ұлттық ойындарға қызығушылық танытатын жастардың қатары күн санап артып келеді. Асық атып, тоғызқұмалақ ойнап, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін өскелең ұрпақ бүгінде көпке үлгі болуда.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов