Құлсарыда су тасқыны бойынша жағдай тұрақты
«Құлсарыға су тасқынынан қауіп жоқ», - дейді жауаптылар. Тасқынның алдын алу үшін 100 шақырымнан астам бөгет тұрғызылып, 96 шақырым жерді тереңдету жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды 24kz.
Қаладағы коммуналдық мекемелер де биыл ерте қамданды. Арықтар тазартылып, инертті заттар дайындалды. Былтыр Жем өзені тасып, Құлсарыны басып қалған еді. Қазіргі таңда су деңгейі 2,5 метрге көтерілген. Құтқарушылар, әскерилер мен еріктілер өзен жағасын бекіту жұмыстарын жалғастыруда.
Жем өзені Құлсарыға жақын орналасқан Тұрғызба ауылын жанап ағады. Қазір жағдай қалыпты дегенімен, алдын алу жұмыстары тоқтаған жоқ. Ондаған техника күні-түні бөгет соғуда. Қарқыны қатты өзен жағасында төтеншеліктермен бірге ауыл тұрғындары да жүр.
Қорабай Тайшыбаев, Тұрғызба ауылының тұрғыны:
- Мына судың барлығы бір арнамен ағып жатыр бұрынғыдай емес. Бұрын жайылып аққан соң білінбейтін. Жайлап көтеріліп жатыр. Кешегі 1,80 см болды деп еді, енді енді 2 метрге жақындап қалды.
Былтырғы тасқыннан сабақ алған жергілікті билік биыл ерте қамданды. Күні бүгін Жем өзені мен қаланы бойлай ағатын Құрсай каналы бойында ұзындығы 100 шақырыман астам қорғаныс бөгет соғылды. Көміліп қалған арналар аршылып, суды Каспий теңізіне кідіріссіз өткізуге жұмыстанып жатыр.
Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Бұл жерде ені 50 метр болатын және тереңдігі 2-2,5 метр болатындай Жем өзенінің арнасы кеңейтіліп, тереңдетілген болатын. Арнайы тағы да дамбылар салынған. Оның табаны 20 метр, үсті 6 метр болатын. Әр 50 см сайын пресстелген. Жалпы ұзындығы 65 шақырым болатын бөгет жұмыстары жүріп жатыр.
Жем өзенінің арнасы 20 наурыздан бастап күн сайын көтерілуде. Тасқыннан қорғану жұмысына аудан бойынша 472 адам және 75 техника жұмылдырылды. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан да қосымша көмек келді. Сондай-ақ әскерилер де бөгет тұрғызу жұмысына белсене араласып жүр.
Нариман Өтешов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Қорғаныс министрілігінен 150 әскери қызметкер келіп қазір толықтай жұмыс атқарылуда. Бүгінгі уақытта Жемнің тасу шыңы өтіп жатыр, судың қауіпті белгісі 340 см болса, қазір 260 см-мен жүріп жатыр. Қазіргі кезде Жем өзенін 6 бекетке бөліп қойғанбыз. Барлық жерде 24/7 күні-түні жұмысшы қызметкерлер бөлінген.
Аудан бойынша жағдай бақылауда. Мамандар су деңгейінің көтерілуі сәуір айының 10-ына дейін созылады деп болжайды. Судың беті қайтқан соң да атқарылатын шаруа жеткілікті. Жем және Құрсай өзендері бойынан 3 жерден гидроқондырғы салынады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінген.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин