Алматыда ерекше балалардың қатысуымен «Муха-Цокотуха» мюзиклі қойылды
Алматы театрының сахнасында «Муха-Цокотуха» мюзиклі қойылды. Қойылымда басты рөлдерді аутизм белгісі бар балалар сомдайды, деп хабарлайды 24kz.
Шара аутизм туралы ақпарат тарату халықаралық күніне орайластырылды.
«Муха-Цокотуха» мюзиклі – «Аутизмді жеңеміз!» орталығының мамандары, ата-аналар мен балалардың көп жылдық еңбегінің нәтижесі. Туа біткен дерттің салдарынан айналасымен қарым-қатынас жасауға қиналған балалар енді, міне, табанды еңбектің арқасында үлкен сахнада жарқырап, өздерінің таланты мен қабілеттерін көрсетті.
Қарлығаш Мұхамедиева, «Аутизмді жеңеміз» жобасының психологы:
- Бұл ертегіні таңдаған себебіміз, мұнда бала арманы, оның жеңісі баяндалады. Балаларды сахнаға шығару үшін кезең кезеңімен дайындадық. Мінез-құлық, физиология бойынша жұмыс жүргізілді. Және біртіндеп балалардың мүмкіндіктері мен қабілеттеріне қарай танымдық білім енгізіп, дайындадық.
Театрлық қойылым ерекше балаларға қорқыныштарын жеңіп, қиындықтарды еңсеруге көмектесті. Бұл ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға үміт сыйлайды. «Себебі, менталды дамуында кешеуілдеуі бар балалармен ерте жұмыс жасаған сайын оларды қатарға қосу оңай», - дейді мамандар.
Аружан Саин, «Милосердие» ерікті қоғам» қоғамдық қорының директоры:
- Бұл қойылым нәтижені ғана көрсетпейді, бұл балаларға сеніп, олар үшін күш пен уақыт жұмсаса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Аутизм әзірге емі жоқ дерт, бірақ оны махаббатпен, еңбекпен, біліммен жеңуге болады.
Мюзиклда барлығы 84 өнерпаз қатысты. Сахнаға шыққан балалар мен олардың ата-аналары аутизм дертінің шығармашылыққа, қарым-қатынасқа кедергі емес екенін көрсетті. Махаббат пен мейірімнің, қолдау мен төзімнің қандай ғажайыптарды тудыратынына көрермендердің де көзі жетті.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон