ШҚО-да су айдындары дронмен бақыланады
Көктем келгелі осы кішкентай ұшқышсыз аппарат қыруар шаруаны тындырды.
Алысты жақындатып, қиынды жеңілдетті, дейді мамандар. Себебі осыған дейін кейбір су көзіндегі өзгерістерді барлау үшін жол азабын тартып, жүздеген шақырымды бағындыруға тура келетін. Ал қазір қажетті мәліметті бірнеше сағат ішінде жинақтауға болады. Тіпті құтқарушылар жарылыс жасау арқылы мұз көбесін сөгу жұмыстарында да дроннан алынатын деректерге сүйенеді. Қазір аппарат көмегімен 16 учаскеде мұз ұсақталды.
Аяулым Кикеева, ТЖД басқармасының бас маманы:
- Жару жұмыстарын жүргізу алдында дрон арқылы мониторинг жүргіземіз. Су айдындарында дрон арқылы мониторинг жүргіземіз. Бұл жетуі қиын учаскелерге барлау жасауға қолайлы. қазіргі таңда өзендерден судың жағағаға шығуы байқалған жоқ, тек қана жағалық мұздарды анықтадық.
Қазір аймақтың 70 процентке жуығын қар басып жатыр. Әсіресе Самар, Алтай, Глубокое аудандарында ақ ұлпа қалың. Қазгидромет өкілдерінің мәліметінше, тек жазықта жер қарая бастаған.
Іңкәр Асқарова, «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының бөлім басшысы:
- Катонқарағай, Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарының жазық аумақтарында қар қоры, қар жамылғысы еріп кетті. Гирологиялық жағдай жалпы алғанда тұрақты, су деңгейі қауіпті деңгейден төмен. Су обектілерінде мұз қабатынан ашылу процесі жүріп жатыр.
Әзірге сәуірдегі ауа райы тәуір. Күндіз сынап бағанасы жоғарылап, түн салқындап қардың бірқалыпты еруіне септігін тигізіп тұр. Демек 15 елді мекенде тасқын қаупі жойылды деген сөз. Құтқарушылар бөгендер мен тоғандарды бақылауды да күшейтті. Облыста мұндай ірілі-ұсақты 130 гидроқұрылғы бар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов