Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркі біріктірілуі мүмкін
Astana Hub пен Инновациялық технологиялар паркі біріктірілуі мүмкін. Оның аясында IT-саладағы үздік тәжірибелерді масштабтау көзделеді. Ал мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы Astana Hub инновациялық кластерлік қорына беріледі.
Заң жобасы бойынша сөз алған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қазір Astana Hub-қа тіркелген заңды тұлғалар кірісінің 1%-ін алым ретінде төлеп отырғанын айтты. Енді осы алымның орнына мүшелік жарна тетігін енгізу ұсынылды. Сондай-ақ Astana Hub базасында ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесін дамытатын цифрлық платформа жасақталатыны айтылды. Ал стартап жобалар портфелін бағалау нормалары Бюджет кодексінен Кәсіпкерлік кодекске ауыстырылады. Жаслан Мәдиев бұл норма венчурлық қорлардың жұмыс нәтижесін бүкіл инвестициялық портфельдің кірістілігі негізінде бағалауға арналғанын жеткізді. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.