Соғыс ардагері 100 жылдық мерейтойын атап өтті

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тұратын соғыс ардагері Солтанбай Жарықбасов биыл 100 жасқа толды, деп хабарлайды 24KZ. Ғасыр жасаған қария өмірлік зайыбы екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірді. Олардан тараған 77 немересі мен шөбересі бар. Қан майданнан аман-есен оралып, туған ауылында ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаздық еткен ардагер әлі күнге дейін атқа мініп, көлік жүргізеді.

Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы 17 ақпанда қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының Алға ауылында дүниеге келді. 1943 жылы кеңес әскерінің қатарына алынып, Забайкалье майданында 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригаданың құрамында жапондарға қарсы шайқасты. Ол 1-ші батальонының 1-ші ротасында пулемет бөлімшесінің командирі болды.

Солтанбай Жарықбасов, соғыс ардагері:

- Машиналардың бәрі бензинсіз, жаяу Хинган тауымен 600 адам, 1-ші батальон біздікі жаяу кетті. Ары Жэхэ дейтін қала бар. Сол бағытқа бізді жүргізді. Ал біздің пулемет 70 келі. Хинган тауы биік, ешқандай рация істемейді. «600 адам, батальон потерялся», – деп жаяу 10 күн жүрдік. Сол жерде кешке таман соғыс болды. Менің көмекшім татар жігіті еді, сол жерде қаза тапты.

Ол 1950 жылы туған елге аман-есен оралып, Түрген педагогикалық училищесінде білім алды. 1969 жылы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түседі. Аталған жоғары оқу орнын сырттай бітіріп, туған ауылында ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиеледі. Кейін мектеп директоры болды. Зейнетке шыққан соң Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылдық округінде ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін атқарды. Ғасыр жасаған соғыс ардагері әлі тың. Малды ауылға барып, атқа мінгенді ұнатады. Көлікті өзі жүргізеді.

Солтанбай Жарықбасов, соғыс ардагері:

- Ал біздің енді алдымыздағы келе жатқан 80 жылдық, Отан соғысының біткеніне 80 жыл толып, мейрамдарың құтты болсын! Әрқашан еліміз аман болысын! Ел-жұртымыз, бала-шаға, жастарға өмір тілеймін! Біздің Жаңа Қазақстанымызды алға бастыру үшін білім алып, сол білімнің әр тетігін игеріп, Қазақстанымызды көркейту керек. Біздің Қазақстанның болашағы сендердің қолдарыңда, жастар! Сол үшін сендер еңбек етіңдер!

Сержан Жарықбасов, соғыс ардагерінің ұлы:

- Әкемнің, шынын айтсам, кішкене қаталдығы бар. Бізді ұстағанда дұрыстап ұстады. Дұрыс жолға қойды бәрімізді, сегізімізді де. Бәріміздің де жоғары біліміміз бар. 

Солтанбай Жарықбасов 2010 жылы 86 жасында Санкт-Петербург қаласына барып, бауырластар зиратындағы тізімнен ағасын іздеп тапты. Басынан топырақ алып, ауылға әкеліп, әкесінің қасына қойды. «Бұл көптен ойымда жүрген бауырлық әрі перзенттік парызым еді. Мен тілегін Алла қабыл еткен бақытты жанмын», – дейді ардагер. Солтанбай атамыздың 8 баласының біреуі қайтыс болған. Қалғаны аман. Олардан тараған 77 немересі мен шөбересі бар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов