Қазақстан-Ресей агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар орталығы ашылды

Бүгін Алматыда Ұлттық ғылым академиясы жанынан Қазақстан-Ресей агроөнеркәсіп кешеніндегі озық технологиялар ғылыми-тәжірибелік орталығы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Жоба аграрлық ғылымды дамытуға үлес қосады деген жоспар бар. Бүгін екі елдің Ғылым академияларының басшылары меморандумға қол қойды. Енді ресейлік ғалымдар еліміздегі ауылшаруашылық дақылдарының жаңа геномдық селекциясын жасауға көмектеседі. Сол арқылы табиғаттың қытымыр мінезіне төзімді, өнімділігі жоғары әрі ауруларға шыдамды сорттар жасалады. Тиімділікті арттыру үшін агроөнеркәсіптік кешен цифрлық технологиялармен жабдықталады. Бұл бастама Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтқан тапсырмаларын іске асыру мақсатында қолға алынған. Ғалымдардың мәліметінше, елімізге дәнді және бұршақ дақылдары тұқымының біраз бөлігі Ресейден импортталады. Ал ғылыми орталық осы сорттарды қазақ топырағына бейімдеп, тиімді түрін шығарумен айналысады.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті:

- Біз қазір тек қана Ресейден 2,3 млрд долларға азық-түлік сатып аламыз. Біздің ақшамыз сыртқа шығып жатыр. Бұл дұрыс емес, неге олай? Өйткені бізге жақсы ғылыми жетістіктер керек, жақсы сорттар керек, жақсы технология керек. Ондай технологиямен өнімділік көбейетін болса, онда біз сырттан сатып алмай өзіміз өндіріп, сыртқа шығарамыз. Ол үшін аграрлық ғылым жақсы жұмыс істеу керек.