Соғыс ардагеріне «Ұлттық ұлан үздігі» төсбелгісі табысталды

Талдықорғанда тұратын 101 жастағы соғыс ардагері Ысқақ Құсайынов «Ұлттық ұланның үздігі» төсбелгісін тақты.

Мереке қарсаңында әскери құрылым қызметкерлері қарт майдангерді жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.  

Еліміздің әр аймағынан келіп, әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаздар  екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі куәгері Ысқақ Әбілпейісұлымен жүздесті. Оркестрдің сүйемелдеуімен сап түзеп өткен олар қарт майдангерге құрмет көрсетті.

Әскери құрылым атынан ардагерге «Ұлттық ұлан үздігі» төсбелгісі табысталды. Батырдың өмір жолы мен ерлігі жауынгерлерге үлгі етілді. 

Азамат Мұхамедияров, 5514 әскери бөлімінің сарбазы:

- Ұлттық ұлан сарбаздары үшін ол үлкен батыр. Оның есімі біздің мәңгі жадымызда қалады. Ол кісілерді мақтан тұтамыз. Ол кісілерді әрдайым құрмет тұтамыз.

Алакөл ауданының Көлбай ауылында дүниеге келген Ысқақ Әбілпейісұлы 1942 жылы 18 жасында соғысқа алынған. Алғашқыда Украина майданына    кейін зенитші-пулеметші ретінде Тынық мұхитындағы ұрысқа қатысты. Жау ұшағын құлатып, сан мәрте мергендігімен  танылды. Ал, елге келгеннен кейінгі 40 жылдық ғұмырын ұстаздық етуге арнады. 

Ысқақ Әбілпейісұлы, соғыс ардагері:

- Оқыту жас бөбектерді тәрбиелеу, ойлаған мақсаттарына жеткізу соның барлығына бірінші кластан бастап оныншы сыныптың балаларын оқыту, ойлаған мақсаттарына жеткізу, оқытуына үлес қосқан адамның бірі мына мен.

Ұлағатты ұстаз бала оқытып қана қоймай, шағын мектептерге арналған оқу-әдістемесін әзірлеген. Әмбебеп тақта, есептегіш құрал ойлап шығарды.  Құрылғы сол кездегі білім берудің инновациялық туындысы ретінде қабылданған.

Гүлсім Ысқаққызы, соғыс ардагерінің қызы:

- Ұстаздарға бұл өте көп көмек болатын. Өйткені малокомплектный дегеннен кейін бір сыныпта екі сынып отырады. Екі сыныпқа да қатар білім беру керек. Сол кезеңде бір сыныпқа универсальный доска деген бесаспап доскасын береді. Сосын математикаға арнаған есеп шығару дискісін қойып қояды. Ол жақта балалар екінші сыныптың балалары жұмыс істеп жатса, үшінші сыныптың оқушыларына балалар сабақ беріп жатады. Осы әдіс тәсілі тиімді тәсіл болғандықтан бұл кісілер Москваға барып, ВДНХ-да осы іс тәжірбиесі туралы бөлісті. Соның нәтижесінде әкем алтын медальмен марапатталды.

Ысқақ Әбілпейісұлы бүгінде немересінің қамқорлығына, шөберелерінің сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Қарт майдангер бейбітшіліктің бесігінде өскен ұрпағымыз білімді болып ел үшін еңбек етсе,- деп тілейді.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев