Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы дайындық жүріп жатыр
Күннің көзі жібіп, өзен-көлдер толды. Су аса тасыған жоқ. Қауіптің беті қайтып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Бір тәуірі, биыл жердің тоңы жұқа. Ылғалды тез сіңірді. Сол себепті былтырғыдай қарғын су мұз үстінде ауа жайылып әуреге түсірген жоқ.
Әйтсе де, Ырғыз жақта тасқынға қарсы дайындық жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Өйткені Ырғыз өзені тасып болып, сабасына түскенмен, ел Торғай өзенімен келетін мол суды күтіп отыр. Осы орайда бөгет тұрғызылып, құм толы қапшықтар әзірленген.
Былтыр бұл өңірде 168 үйге су кіріп, қираған еді. Төтенше жағдай да жарияланған.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Нұра ауылының азаматтары апатпен екі апта бойы алысқан. Қапшыққа құм толтырып бөгет тұрғызғанымен, Торғай өзені тасығанда ауыр жүк көліктеріне ырық бермей кеткен. Дәл осы тұстан кірген топан су ауылдағы мәдениет үйінен бастап барлық ауланы басып қалды.
Мамыр ауылында да былтыр 26 үй қирады. Биыл елді мекеннің өзен жақ бетіне ұзындығы бір жарым шақырым болатын топырақтан биік қорған салынды. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен аталған мекемеге қарасты әскери бөлім сарбаздары бөгеттерді қосымша бекітіп жүр.
Азамат Құсайынов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Ырғыз ауданының Құтикөл, Құйылыс, Жайсаңбай, Мамыр, Белшер ауылдарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 40 мың қап төселіп, 360 қап тағы да құм тастар дайындалып тұр. Бізде 95 адам мен 15 техника жұмылдырылып отыр.
Ырғыз ауданындағы 18 елді мекеннің 14-і өзен бойында. Бірақ құзырлы орган өкілдері биыл 6 ауылға қауіп бар деген болжам жасады. Сондықтан сақтық шараларын жүзеге асыруға бюджеттен 1 млрд 387 млн теңге қаржы бөлінген.
Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданының әкімі:
- Ырғыз өзенінен келетін су біздің аудан көлеміне келіп болды. Қазіргі уақытта Аманкөл селолық округіне өтіп, Құйылыс елді мекеніне қарай ағып жатыр. Екінші бағытта келетіні бұл – Торғай өзені. Біз енді қазір Торғай өзенінің суының тасуын күтіп отырмыз. Бірақ жалпы ақпараттарға қарағанда «Қазгидрометтің» берген анықтамасына қарағанда биылғы жылы былтырғыдай су тасқыны болмауы мүмкін.
Дегенмен, қатер әлі сейіле қойған жоқ. Сондықтан мамандар су деңгейін жіті бақылап отыр. Өзен-көлдердегі 7 гидрологиялық посттан ақпарат күнделікті жаңарып, сараланып отырады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов